Елордада қала күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар басталды

Елордада қала күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар басталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана күні мерекесіне орай елордада ауқымды мәдени-көпшілік бағдарлама бастау алды. Оның аясында концерттер, спорттық жарыстар, фестивальдер, отбасылық іс-шаралар және жаңа қоғамдық кеңістіктердің ашылуы өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сағат 11:00-ден бастап Байқоңыр ауданындағы Өндіріс және Кірпішті тұрғын алаптарында, Есіл ауданындағы Пригородный тұрғын алабында, Нұра ауданындағы «Айғыржал» саябағында, Сарайшық ауданындағы Өнеркәсіп тұрғын алабында және Сарыарқа ауданындағы «Қорғалжын» саябағында мерекелік концерттер өтіп жатыр. Сағат 14:00-де концерттік бағдарламалар Алматы ауданындағы Теміржолшылар тұрғын алабында және «Жерұйық» саябағында, Есіл ауданындағы Бабатай тұрғын алабында, Нұра ауданындағы «Жағалау» саябағында, Сарайшық ауданындағы «Отау» шағынауданында және Сарыарқа ауданындағы Қалалық алаңда жалғасады.

Бағдарлама аясында бірқатар спорттық іс-шара да өтеді. Сағат 10:00-де «Триатлон» саябағында жасөспірімдер арасында күрес түрлерінен фестиваль басталды.

Қатысушылар грэпплинг, дзюдо, джиу-джитсу, еркін күрес, грек-рим күресі және қазақ күресі бойынша бақ сынап жатыр.

Бұдан бөлек, бүгін Сарайшық ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған Байтұрсынұлы көшесіндегі 17 және 19-үйлердің аулалары салтанатты түрде ашылады. Ал сағат 11:00-де Алматы ауданында Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы, 23 мекенжайында жаңа гүлзар пайдалануға беріледі.

Сағат 12:00-де қалалық Достық үйі алаңында концерттік бағдарлама мен шығармашылық шеберлік сабақтарын қамтитын «Өнермен нұрланған асқақ Астана» фестивалі өтеді.

Орталық саябақта қонақтарға арт-нысандар көрмесі, стрит-арт аймағы, экологиялық ойындар, қолөнер және шығармашылық шеберлік сабақтары, балаларға арналған интерактивті алаңдар ұсынылатын «Мерекелік саябақ» фестивалі жалғасады.

Ал «Жетісу» саябағында «Отбасы Time» отбасылық фестивалі өтеді.

«Астана Арена» стадионының екінші автотұрақ аумағында сағат 12:00-ден бастап сауда қатарлары, қолөнершілер жәрмеңкесі, фуд-корт және балаларға арналған ойын-сауық алаңдары жұмысын бастайды.

Ұлттық спорт түрлерін ұнататындар үшін сағат 14:00-де Ғашықтар саябағында «Astana Day Mass Sports: Астана сақасы» асық атудан жарысы ұйымдастырылады. Ал сағат 15:00-де Астана әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда дәстүрлі «Толағай» күш сынасу сайысы өтеді.

Мерекелік бағдарлама кешкі сағат 18:00-де «Астана Арена» стадионының алдындағы алаңда және «Қазақ елі» монументі алаңында өтетін қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ашық аспан астындағы ауқымды концерттермен қорытындыланады.

Көрермендерге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері қолданылған заманауи мультимедиялық шоу ұсынылады.