Елордада күй жәрмеңкесі өтті

Елордада күй жәрмеңкесі өтті

Бүгін - Ұлттық домбыра күні. Осыған орай елорданың "Күйшілер" аллеясында төл аспабымыздың мерекесі мен күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған Х "Күй жәрмеңкесі" өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астананың Алматы ауданының әкімдігі мен "Күй анасы" республикалық қоры ұйымдастырды. Іс-шара Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен және астаналық ынталы жастардың ұсынысымен 15-ке жуық шие ағашын отырғызумен басталды. "Күй жәрмеңкесін" "Күй анасы республикалық қорының басшысы Төлеген Қуанышев пен осы қор жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, белгілі заңгер Ирак Елекеев ашып берді.

Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра". Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс" деген сөзін еске ала келе, Дина Нұрпейісованың қазақтың күй өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.

Іс-шара барысында күйші, мәдениет қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Бақытжан Дүйсенғазиев Дина Нұрпейісованың "Байжұма" күйін, күйші, мәдениет қайраткері Темреш Кереев Қазанғаптың "Құс қайтару" шығармасын, елордадағы Unigue child дарынды балалар өнер мектебінің ұстазы Мұқағали Рысқалиев пен осы мектеп тәрбиеленушілері халық күйі "Қарт Науаи" туындысын бебеулетті. Көрермендердің арасындағы күй сайысын белгілі күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған бастаған қазылар алқасы бағалады. Бұл сайыста Құрманғазы мен Динаның, Қазанғаптың, Тәттімбет пен Сүгірдің, басқа да халық композиторларының шығармаларын орындау шеберлігі бағаланды. Жеңімпазға үкілі домбыра мен үздік өнер көрсеткендерге "Күй анасы" кітабы тапсырылды.