Биылғы Жолдау үлкен стратегиялық шешімдерді ұсынады

Биылғы Жолдау үлкен стратегиялық шешімдерді ұсынады
фото: жеке мұрағатынан

 Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауы әдеттегі жолдаулардан ерекше. Себебі жыл сайынғы жолдау бір жылдың төңірегіндегі жоспарларды құратын болса, биылғы халыққа деген месседж бірнеше жылдың, тіпті ондаған жылдың бағыт-бағдарын айқындап, үлкен стратегиялық шешімдерді ұсынады.

Халықпен кездесуде басты назар «Халықтық құрылыс» бағдарламасына аударылады. 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлініп, барлық өңірде ауруханалар, мектептер, жолдар салынады, елді мекендерге газ бен таза су тартылады. Ұлттық қор мен алтын-валюта резервінде шамамен 130 миллиард АҚШ доллары немесе теңгеге шаққанда 60-65 триллион теңге қаржы бар. Яғни бұрын соңды болмаған үлкен жұмыстарға осы қосындының тек оннан бірі жұмсалмақ. Ал инфрақұрылым мен жастардың болашағына салынған инвестиция бірнеше есе қайтып келетінін халықаралық тәжірибе дәлелдеген.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – жобалаудан бастап шегеге дейін барлық қызмет пен тауар отандық өндірушілерден сатып алынады, ал еңбек күші сол жердің өзінен, жергілікті тұрғындар арасынан тартылады. Бұл үлкен мультипликативтік әсер береді. Отандық құрылыс материалдарына, металл конструкцияларына және инженерлік жабдықтарға тұрақты сұраныс пайда болады. Жаңа өндірістер ашылып, жүз мыңдаған адам жұмыспен қамтылады, өңірлік бизнес серпін алады.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге, учаскелік дәрігерлердің жалақысы 40 пайызға дейін өсетінін де жеткіздік. Бизнеске жеңілдіктер пакеті күтілуде.

Арман Ғабидоллаұлы, 

Құрылтай депутаты