Елордада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл күшейтілді

Елордада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл күшейтілді
фото: polisia.kz

Елордада киберқауіптер мен ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесуге бағытталған республикалық "Hi-Tech" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері киберқылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша кешенді жедел-профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Басты назар интернет кеңістігін бақылауға, дербес деректер мен банк деректемелерінің заңсыз айналымын анықтауға, сондай-ақ абоненттік нөмірлерге және өзге де электрондық сервистерге заңсыз қол жеткізуге қатысты мәліметтердің таратылуын әшкерелеуге аударылып отыр.

Мұндай ақпараттардың құқыққа қайшы әрекеттерді жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін екені ескертіледі. Жедел-профилактикалық іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу. Осы мақсатта полиция қызметкерлері азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтардың кең таралған тәсілдері, жеке деректер мен қаржыны қорғаудың тиімді жолдары туралы ақпарат беруде. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және өзге де ақпараттық платформалар арқылы киберқауіпсіздікке қатысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

Астана қаласының полиция департаменті тұрғындарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Бөгде адамдарға жеке деректеріңізді, банк карталарының деректемелерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және өзге де құпия ақпараттарды бермеңіздер. Егер интернет-алаяқтық белгілеріне тап болсаңыз немесе киберқылмыстың құрбанына айналсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.