«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Астана қаласының полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жыл басынан бері елордада тұрғын үйлерде ұйымдастырылған 4 фитозертхананың заңсыз қызметі тоқтатылды. Анықталғандай, күдіктілер пәтерлер мен жеке бөлмелерді арнайы жабдықтап, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге жағдай жасаған. Олар арнайы сатып алынған жабдықтарды пайдаланып, өсімдіктерді өсіруге қажетті микроклимат қалыптастырған.
Бірқатар жағдайда бұл мақсатта жеке пәтерлер, арнайы бөлінген бөлмелер, сондай-ақ қайта жабдықталған тұрғын үй аумақтары, оның ішінде шкафтар мен оқшауланған орындар пайдаланылған. Ол жерлерге жарықтандыру, желдету және ылғалдылықты бақылау жүйелері орнатылған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер аталған заңсыз әрекетке қатысы бар тұлғаларды анықтап, ұстады. Тінту кезінде заңсыз айналымнан құрамында есірткісі бар өсімдіктер, есірткі құралдары, сондай-ақ оларды өсіруге пайдаланылған арнайы жабдықтар тәркіленді.
Тәркіленген есірткі құралдарының жалпы салмағы 20 келіге жуық болды. Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру, сондай-ақ есірткі құралдарын дайындау және өткізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады. Есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары тұрақты негізде жалғасуда.