Астана қаласының полиция департаментінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиында кеңестің жұмысын жетілдіру, профилактикалық іс-шаралардың ауқымын кеңейту және жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері қаралды. Отырысты Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин жүргізді. Жиынға кеңес мүшелері – қоғам қайраткерлері, депутаттар, танымал спортшылар, мәдениет саласының өкілдері, медиа тұлғалар мен белсенді азаматтар қатысты. Олар полициямен бірлесіп, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Кездесу барысында бұған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге арналған жаңа бағыттар айқындалды. Маңызды шешімдердің бірі – кеңестің жастар қанатын құру болды. Оның құрамына студенттер, "O.Y.A.N" жастар бірлестігінің еріктілері және елорданың белсенді жастары енеді. Жастар қанаты профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді қатысып қана қоймай, құрдастары арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған өз жобаларын әзірлейді. Сонымен қатар кеңес жұмысының форматы жаңартылып, оның мүшелері арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, профилактикалық жобалардың аясын кеңейту және бірлескен жұмысты үйлестірудің тиімді тетіктерін енгізу жоспарланды. Жиынды ашқан Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин профилактиканың есірткі қылмыстарына қарсы күрестің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
- Бүгінде профилактика есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылдың қылмыстарды анықтау және жолын кесу сияқты маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Алдын алуға неғұрлым көп күш жұмсасақ, жастардың заңсыз есірткі айналымына тартылу қаупі соғұрлым азаяды. Елордада бұл бағытта ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде. Кеңес құрамын кеңейтіп, жастар қанатын құру, мемлекет, қоғам және жастардың күш-жігерін біріктіру бұл жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді", – деді Әбіл Әбілдин.
Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің жұмысы "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында жалғасын табады. Алдағы уақытта жастар бастамаларын қолдауға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және қоғамда есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты қалыптастыруға басымдық беріледі.
Отырыс соңында профилактикалық акциялар мен ақпараттық-түсіндіру жобаларына белсенді қатысқан еріктілер марапатталды. Оларға қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды. Жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен волонтерлік бастамалары елордадағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстың маңызды бөлігіне айналып келеді.