Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына елорданы абаттандыру барысы туралы баяндады. Қала басшысы биыл 170-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттанатынын мәлімдеді. Сол сияқты жыл басынан бері 700 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Қаланың барлық ауданында абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр.
«Қаладағы ірі нысандардың бірі – «Мыңжылдық» аллеясы. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының артындағы жаңа гүлзар абаттандырылды. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» вокзалы маңын абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Мұнда «Мыңжылдық» аллеясының жалғасы болатын толыққанды жасыл саябақ салынады. Жобаның негізгі мақсаты – ұзындығы шамамен төрт шақырым болатын бірыңғай желілік саябақ қалыптастыру. Олар – жеке-жеке орналасқан гүлзарлар емес, тұрғын үй кварталдарын, әлеуметтік нысандарды және елорданың басты теміржол торабын байланыстыратын үздіксіз қоғамдық кеңістіктер жүйесі. Саябақ бойында түрлі кеңістіктер кезектесіп орналасады: серуендеу орындары, бақтар, су элементтері, велосипед пен жаяу жүргіншілер бағыттары. Көгалдандыруға, көлеңкелі орындар жасауға, сондай-ақ жаңбыр мен еріген қар суын ағызудың заманауи тәсілдеріне ерекше мән беріліп отыр. «Мыңжылдық» біртіндеп ауданның жасыл желі жүйесіне, қазіргі жекелеген аумақтарды бір-бірімен байланыстыратын үлкен қоғамдық кеңістікке айналып келеді. Жобаны 2028 жылы толық аяқтауды жоспарлап отырмыз» деді Ж.Қасымбек.
Қала басшысы елорданың тарихы қалыптасып, қаланың дамуы басталған негізгі бөліктерінің бірі – оң жағалауға да ерекше назар аударылатынын жеткізді. «Мұндағы мақсат тек жекелеген көшелерді жаңарту емес. Олардың тарихи сипатын сақтай отырып, оң жағалауға заманауи келбет беру маңызды. Сол сияқты GreenLine желілік жасыл желекжол жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Мұнда жай ғана абаттандырылған жаяу жүргіншілер жолы емес, тұрғын үй кварталдары арқылы өтетін, ұзындығы 2,3 шақырымға созылған толыққанды жаяу жүргіншілер желекжолы қалыптасып келеді. Оның бойында бірыңғай үздіксіз маршрут жасалады: ағаштар, бұталар және көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, серуендеуге арналған жолдар, демалыс орындары, балаларға арналған және қоғамдық кеңістіктер құрылды. Көлеңкелі орындар мен жайлы микроклимат қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. «Мыңжылдық» аллеясы сияқты GreenLine да ауданның жасыл желі жүйесінің бір бөлігіне айналып, тұрғын үй кварталдары мен қоғамдық орындарды өзара байланыстыратын біртұтас жаяу жүргіншілер бағытын қалыптастырады. GreenLine жобасын да биыл қазан айында аяқтаймыз» деді ол.
Келесі жоба – «Талдыкөл» экосаябағын ашу. Оны іске асыру жұмысы биыл басталды. Экопаркте табиғи ландшафты барынша сақтау, аумақты табиғи жолмен көгалдандыру, серуендеуге арналған бағыттар және көл жағалауын абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ жоба аясында экопарк арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу көзделіп отыр.
«Сол сияқты Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің біртұтас жүйесін кезең-кезеңімен қалыптастырып жатырмыз. Біздің міндетіміз – жағалаудың жекелеген, бір-бірінен оқшау учаскелерін біріктіріп, өзен бойымен қаланың әр бөлігіндегі саябақтарды, серуендеу және спорт аймақтарын байланыстыратын үздіксіз жасыл маршрут қалыптастыру. Келесі кезең – Триатлон саябағының аумағын дамыту. Мұнда жағалауды одан әрі абаттандыру, сондай-ақ өзеннің екі жағалауын байланыстыратын жаңа жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы Кенесары көшесі маңындағы учаскені абаттандыруды бастау жоспарланып отыр. Одан әрі абаттандыру жұмысын Айтматов көшесіне дейін жалғастыру жоспарда бар» деп түсіндірді әкім.