Елорда маңында қайда шомылуға болады?

Елорда маңында қайда шомылуға болады?

Биылғы жаздың аптап ыстығы әлі де басылар емес. Дәл осындай кезеңде елорда тұрғындары қала маңындағы жағажайлар мен демалыс орындарына жиі шығатын болды. Ондағы жағдай қалай?

Шілденің ыстығында жанға жайлы жағалау іздеп кететін қала тұр­ғындары үшін Қосшы маңындағы демалыс орындарын ұсынар едік. Ең бір қолжетімдісі – отбасыға арналған «Саяжай» орны. Мұндағы бассейн, сауна мен монша, үйлер демалыстың көңілді өтуіне септігін тигізеді. Демалыс күндері бағасын көтергенімен, аптаның жай күндері төмен бағасын ұсынады. Сейсенбі күндері көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға қарастырылған жеңілдік бар.

Қосшының тартымдылығын арттырып, демалыс орындарының қатарын көбейтіп тұрған «Tau park», «Пикник», «River club», «Чистые пруды» демалыс аймақтарын бағасына қарай таңдауға мүмкіндік бар. Шағын қалада бірнеше демалыс орнының қатар жайғасуы халық үшін қолайлы. Бәсекенің болуы қызмет көрсету сапасын арттыруға, жаздағы демалысты мазмұнды ұйым­дас­тыруға тиімді жол ашады.

Тайтөбе де Астанадан қашық емес. Нұра өзенінің бойындағы демалыс үйлері демалуға, монша мен сауна қызметін пайдалануға арналған бірнеше ыңғайлы орын ұсынады. Ең танымал кешен қатарында «Par zone» және «Нұра» базалары бар.

Астана-Қарағанды тасжолында да бірнеше демалыс орнын атап өтуге болады. Мәселен, Жібек жолы ауылында «Prime vill» мейрамхана-қонақүй кешені 65000 шаршы метр абаттандырылған орман алқабын алып жатыр. Аумағында төрт бассейнде тынығып, тамақтанатын орынның да жағдайын жасап қойған. Бағасы – 10 мың теңге шамасында. Одан сәл қымбаттау жерді қарастырсаңыз, «Jansaya resort» деген жер бар. Мұнда ересектер мен балаларға арналған бассейн, монша және тағы басқа да қызмет түрлері бар. Астанадан бір сағатқа жетер-жетпес жолда, аталмыш елді мекенде «Beibarys» демалыс орны – аквазонамен, белсенді ойын түрлерімен қамтылған демалуға қолайлы жер. 13 гектар жерді алып жатқан демалыс аймағында футбол және волейбол, мини-гольф алаңы бар, сонымен бірге салт атпен серуендеп, балық аулауға да болады. Осы жолдың бойындағы «Aqbozat» демалыс аймағы да кейіннен ашылған ірі демалыс аймағы.

Талапкер, Қажымұқан ел­ді мекендерін астаналықтар жақ­сы біледі. Елордаға жақын жерлердің бірі болғандықтан, мұнда да қолжетімді бағамен демалып келуге болады. Талапкердің өзінде «Picnik Talapker», іргелес жатқан Қажымұқанда «Ayan park» аса қымбат емес. Балаларға арналған бассейн –

3 мың теңге, ересектер үшін – 6 мың теңге.

Астанадан жарты сағат жол­­да «Orman park», «Balqaragai» демалыс кешені жұмыс істейді. Қаладан ұзап шыққысы келмеген адамға мына демалыс кешенін ұсынар едік. «Teplo» демалыс аумағы қала ішінде, Қарқаралы тасжолы, 11 мекенжайында (Mega Silk Way СОО-нан 10 минут жерде) орналасқан. Бұл – күндізгі жағажай демалысына да, қонақүйлердегі жабық моншаға да бағытталған заманауи кешен. «Tengovka Ethno»-ны қала сыртындағы этнопарк деуге болады, ол Алаш тасжолы, 140/2 мекенжайында орналасқан.

Қарап отырсаңыз, елорда­дан аса қашық емес, бір күндік демалысқа барлық жағдай жасап қойған жайлы мекендердің әсіресе биылғы шілденің ыстығында бәсі артып тұр. Егер адам аяғы жете бермейтін өзен-көлдерде демалғыңыз келсе, оны да бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады.

Астана-Ерейментау жолындағы Көбейтұз, Теңіз көлі үлкен жолдан шалғайда емес. Ерейментауға әрі қарай өтсеңіз, ол жақта да балығы шоршыған өзен-көлдің жағасында демалуға болады.

Бурабай бағытындағы демалыс орындарының біріншісі – Ақкөл қалың қарағайлы, қайыңды орманды алқапта орналасқан. Табиғатының әдемілігі мен Астанаға жақындығы арқасында мұнда демалыс аймақтары (мысалы, «Aqköl nomad», «Добрый пар») дамып келеді. Бурабай, Ақылбай ауылындағы Кіші Шабақты көлі, әрі кетсе Қатаркөл – елордалықтар үшін танымал көлдер. Мұнда да демалыс орындары жетерлік.

Сарыоба – Астанадан 50 км қа­шықтықта орналасқан, емдік тұзды суы мен рапасы (қою тұзды ерітіндісі) бар танымал табиғи су айдыны. Мұнда тереңдік біртіндеп артатындықтан, бұл жер отбасы демалысына, кайтсерфингке және суға шомылуға өте қолайлы. Көл өзінің минералданған суымен және тірек-қимыл аппараты мен тері ауруларының алдын алу үшін қолданылатын пайдалы түптік батпақтарымен (балшықтарымен) танымал. Дегенмен әлі де абаттандыру, туристерге жағдай жасалмағандықтан, көп адам бара бермейді.

Бас қаланы сумен қамтамасыз ететін «Вячеславка» су қоймасы Қарағанды тасжолымен өрлей шыққанда 40-50 шақырым жерде орналасқан. Суға шомылып, балық аулауға таптырмас жер. Бірақ арнайы рұқсат болмаса, әлеуметтік қорғауға алынған жерге көп адам кіре алмайды. Тасжолдың бойынан түспей, қиналмай жетіп алатын көлдің бірі – Жалтыркөл. Оның жағасында заманауи жағажайлар: «Jaltyrköl demalys complex», «Ozero» демалыс аймақтары, моншалар мен балық аулау орындары жұмыс істейді. Суы тұзды, терең емес, таяз.

Өз қаламызда, Есіл өзенінің бойында, сулы әрі саялы жағажайда демаламын дегендерге де абаттанған жағажайлар бар. Есіл өзені жағажайы – Шабал Бейсекова көшесі бойында орналасқан ресми шомылу және демалыс орны. Жағажай маңында серуендеуге және балалармен уақыт өткізуге жағдай жасалған. Орталық саябақ – Есіл өзенінің жағасындағы ең үлкен әрі танымал демалыс орны. Мұнда аттракциондар, пикник алаңдары, дәмханалар мен веложолақтар бар. Ботаникалық бақта су айдыны болса да, онда шомылуға болмайды. Астананың ақ жайлауына айналған бұл жер – белсенді спорт түрлері мен пикникке қолайлы орта. Жазғы демалыстың бір күнін Президент саябағында өткізуге болады. Сарайшық көшесінің бойында, өзен жағасында орналасқан кең аллеялы демалыс орны жаяу серуендеуге, велосипед тебуге және пикник ұйымдастыруға өте ыңғайлы.