Елорда көшелеріне кибералаяқтар туралы ескерту жасау үшін бір мезетте 100-ден астам автопатруль шықты

Елорда көшелеріне кибералаяқтар туралы ескерту жасау үшін бір мезетте 100-ден астам автопатруль шықты
фото: Астана қаласының Полиция департаменті

Астанада кибералаяқтықтың алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Кезекті акция аясында елорданың барлық ауданында бір мезетте 100-ден астам полиция автопатрулі азаматтарды дыбыстық хабарландыру арқылы ақпараттандыру үшін қызметтік бағыттарға шықты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Полицейлер дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы тұрғындарға алаяқтардың ең көп таралған әрекет ету тәсілдері туралы ескертіп, банк карталарының деректерін, SMS-хабарламалардағы кодтарды және өзге де құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
Жаппай дыбыстық хабарландыру елордалық полиция жүргізіп жатқан кешенді профилактикалық науқанның бір бөлігі болды. Алаяқтардан қорғану жолдары туралы ақпараттық бейнероликтер қаладағы LED-экрандар мен билбордтарда, кинотеатрларда сеанс басталар алдында, сауда-ойын-сауық орталықтарының экрандарында және адамдар көп жиналатын басқа да нысандарда көрсетілуде.

Профилактикалық жұмыстарға заманауи технологиялар да тартылған. LRT нысандарында тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік шаралары туралы полицияның робот-иті мерзімді түрде ақпарат беріп отырады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Нақты оқиғалар негізінде азаматтарға алаяқтардың кең таралған схемалары, қылмыскерлердің айла-тәсілдері және олардан қорғану жолдары түсіндірілуде.

Профилактикалық материалдар әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып, тұрғын үйлердің ортақ чаттары мен мессенджерлер арқылы таратылуда, сондай-ақ жадынамалар мен ақпараттық парақшалар түрінде үлестірілуде. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мемлекеттік мекемелерде, жекеменшік ұйымдарда, білім беру орындарында және жастар арасында дәрістер мен кездесулер өткізуде. Футбол және хоккей матчтары, концерттер, фестивальдер және басқа да бұқаралық іс-шаралар кезінде азаматтарға интернет-алаяқтардан қорғану шаралары түсіндіріліп, ақпараттық материалдар таратылады.

Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды қырағылық танытуға, келіп түскен ақпаратты мұқият тексеруге және ешбір жағдайда бейтаныс адамдарға жеке деректерін, банк шоттарының реквизиттерін бермеуге шақырады.