Астана – күн сайын құлпырып, көркейіп келе жатқан қала. Елорда көшелерінің тазалығы, саябақтарының сәні, жайқалған жасыл желегі мен гүлзарларының әсемдігі – қала тұрғындары мен қонақтарының көз алдында көрініп тұрған еңбектің нәтижесі. Алайда осы көріністің артында таңның атысынан кештің батысына дейін маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбегі бар.

Солардың бірі – Астана көгалдандыру саласында механизатор болып еңбек етіп жүрген Салмен Нұрмағанов. Ол 2008 жылдан бері елорданың көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Осы уақыт ішінде талай көшеттің бой түзеп, талай гүлдің жайқалғанын көрді. Оның күнделікті жұмысы – қаланы абаттандыруға, көгалдандыруға және жасыл желекті көбейтуге бағытталған.
– 2008 жылдан бері осы көгалдандыру саласында жұмыс істеп келемін. Осы уақыттың ішінде қаланың қалай өзгергенін өз көзіммен көрдім. Басында бір жерге тал отырғызсақ, бірнеше жылдан кейін сол ағаштың бой көтеріп, айналасына көлеңке түсіріп тұрғанын көрудің өзі үлкен қуаныш. Еңбегіңнің нәтижесін көзіңмен көресің, – дейді Салмен Нұрмағанов.

Кейіпкердің айтуынша, көгалдандыру жұмысы маусымға қарай әртүрлі жүргізіледі. Жаз айларында абаттандыру жұмыстары қыза түссе, көктем мен күзде ағаш отырғызу, жасыл желекті толықтыру жұмыстарына басымдық беріледі.
– Жазда жұмысымыз тіпті қарбалас болады. Күннің ыстығына қарамай, қаладағы абаттандыру жұмыстарына қатысамыз. Ал тал отырғызатын кез – көктем мен күз. Көшеттің әрқайсысына күтім керек. Бір талды отырғызу оңай көрінуі мүмкін, бірақ оның дұрыс тамыр жаюы үшін көп еңбек қажет. Сондықтан бұл жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз, – дейді ол.
Еңбектің берекесі – отбасында
Әринре, осынау ұзақ жылдық еңбек жолының артында кейіпкердің отбасы да тұр. Салмен Нұрмағановтың екі қызы және бір ұлы бар. Бүгінде балаларының барлығы Астанада еңбек етіп жүр.
– Отбасым – менің ең үлкен байлығым. Екі қызым, бір ұлым бар. Үшеуі де Астанада жұмыс істейді. Балаларымның өз алдына еңбек етіп, өмірден өз орындарын тауып жүргеніне қуанамын, – дейді Салмен Нәукенұлы.

Салмен Нұрмағанов үшін еңбектің ең үлкен марапаты – атқарған ісінің нәтижесін көру. Бүгін отырғызылған талдың ертең жайқалған ағашқа айналатынына сену де оның жұмысқа деген ынтасын арттыра түседі.
«Астана – біздің қаламыз. Оның көркеюіне әркім өз шамасына қарай үлес қосуы керек. Бізге келген міндет – қаланы көгалдандыру, абаттандыру. Сол жұмысты адал атқарсақ, елордамыздың одан әрі көркейе түсуіне өз үлесімізді қостық деп білеміз» дейді ол.