Сылақшы Гүлбанудың сыры

Сылақшы Гүлбанудың сыры
фото: жеке мұрағат

Астана – ғажап қала. Сұлулығында сөз жоқ. Самаладай түнгі шамдары, көз тоқтатып қарауға күндізгі көрігі бәрі-бәрі жарасып-ақ тұр. Зәулім ғимараттар көзіңнің жауын алады. Көпқабатты үйлердің заманауи көрінісі керемет. Кейде салынып жатқан үйлердің сыртқы бейнесі, ішкі дизайнына кімдер жауапты екен деген сауалдың жетегінде кетесің... Әрине, ұлттық нақыштағы безендірілуіне таңдай қағып, таңырқағаннан басқа қолыңнан келері жоқ.

Жақында құрылысы басталып, ішкі жұмыстары жасалып жатқан тұрғын үйдің маңайынан өтіп бара жатып, ақ жүзін күн қоңырайтқан, маңдайына уақыттың өзі әжім арқылы таңба басқан қолына қалақ ұстаған апайды жолықтырдым. Жөн сұраса келе осы компанияның қызметкері екенін білдім. Аты-жөні Гүлбану Райысова. Ол – құрылыс саласының маманы. Қырық жылдан бері сылақшы болып еңбек етеді екен. Сөзге тарттым.

– 1979 жылдан бері осы кәсіппен шұғылданамын. Балалар есейіп кетті. Жолдасым бақилық болды. Осы жұмысым арқылы балаларды аяғынан тік тұрғыздым. Қуат-күш болғандықтан жүріп жатырмын. Жұмыстан шығып кетейін десем әріптестерім босатар емес. Бір жағынан, үйреніп қалған жұмысым. Зейнетке шыққаныммен әлі жүрмін. Жасым алпыстан асты, – деп жымиды Гүлбану Шәкәрімқызы.

Зейнет жасына шыққан апайдың жұмысына деген адалдығы анық аңғарылады. Әңгіме тиегі ағытыла берді. Гүлбану апайдың айтуы бойынша, қалаға Семейден көшіп келген. Мамандығын мақтан етеді. Ала таңнан басталатын жұмысы күн ұясына батқанда аяқталады. Тынымсыз еңбектің арқасында нәпақасын тауып жүрген еңбек адамына осыдан соң шын риза боласың.

– Жастар айып етпесін, өз шындығымды айтайыншы. Көбі жалқау. Дайын асқа тік қасық болғысы келеді. Олай болмайды ғой. Маңдайыңның тері шым-шымдап жерге тамбаса, тапқан дүниеңнің берекесі болмайды. Бұған көзімді жеткізген адаммын. Қазірдің өзінде үйренуге жастар келеді. Әрине, жақсы ақша тапқысы келгендіктен, оларға үйрете бастаймын. Ұзаққа бармайды. Келеді де кетіп қалады. Бұл жердің қаражаты да жаман емес. Тек еңбектену керек. Қазір 2002-2024 жылы туған екі бала қасымда қызмет етіп жатыр. Үйреніп, осы салаға төселіп кетулерін қалаймын, – дейді Гүлбану Райысова.   

Еңбек еткеннің ешкімге алақан жаймасы анық. Оны Гүлбану секілді апалардың өз жұмысына жан бергендігінен байқауға болады. Айтпақшы, ару қала астананы осындай адамдар қолдан тұрғызған. Олардың еңбегі өлшеусіз. Оларға бас иіп, құрмет көрсету ғана қалды.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ