Елімізде жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік мол

Елімізде жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік мол
фото: ortcom.kz

Мемлекет ғылым, мәдениет, шығармашылық, қоғамдық қызмет және жаңа индустриялар бағытында жастардың қабілеті мен бастамаларын қолдауға басымдық беріп отыр. ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың мәлімдеуінше, қазір елімізде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты, Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы және жастарды қолдаудың басқа да тетіктері бар. Биылдың өзінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 2 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,5 %-ға көп. Үздік отыз жобаға 3 млн теңгеден грант беріледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«2 мыңнан астам өтінімнің түсуі мыңдаған жастардың ғылым, мәдениет, бизнес, IT, медиа және волонтерлік салаларда өз идеялары мен шешімдерін ұсынуға дайын екенін көрсетеді. Мұндай бастамалар еліміздің әр өңірінде бар, яғни бұл мыңдаған жас қазақстандықтың белсенділігін көрсетеді. Креативті индустриялардың дамуында да үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз. Заңнамалық және қаржылық инфрақұрылым нығайтылып, өңірлерде креативті орталықтар ашылып жатыр. Креативті индустрияны дамыту қоры өз жұмысын бастады. Сала өкілдері «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.