Ел экономикасы қарқынды өсіп келеді

Ел экономикасы қарқынды өсіп келеді
фото: ukimet

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экономика моделін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бизнес-ахуалды жақсарту және инвестиция тарту бағытында жүйелі шаралар қабылдап келеді. Жаңа инвестициялық кезеңді іске қосуға, адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға және болжамды фискалды саясатты орнықтыруға ерекше назар аударылуда , деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінде экономикалық өсім нақты сектордың қарқынды дамуы, өндірісті әртараптандыру және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін нығайту есебінен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар мемлекет төлемдерді арттыру бойынша әлеуметтік міндеттемелерді жүйелі түрде қамтамасыз етіп, жергілікті елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамытуда және ұзақмерзімді келісімшарттар тетігі арқылы отандық кәсіпорындар өнімдерін кепілді өткізу үшін қолайлы жағдай жасайды.

2026 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша бұл жұмыс тұрақты нәтиже көрсетті. Макроэкономикалық тұрақтылықтың басты драйвері негізгі капиталға салынған инвестициялар болды, олардың көлемі 9,5 трлн теңгеден асты. Бұл ретте жеке инвестициялар көлемі 21,4%-ға өсіп, жалпы өсімнен жоғары қарқын көрсетті. 

Көрсеткіштердің жақсаруына бизнеске әкімшілік қысымның төмендеуі, мемлекеттік сатып алу мерзімдерінің үш есе қысқаруы және цифрландыруды енгізу айтарлықтай ықпал етті. Слнымен қатар еліміздем жаңа Салық және Бюджет кодекстерін жүзеге асыру басталды. Олар нақты сектор үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейтуге бағытталған.

Осы нәтижелердің негізінде қандай жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатыр және мемлекеттік қолдау шаралары елімізде бизнес жүргізу шарттарын қалай өзгертуде. Бұл туралы толығырақ Primeminister.kz редакциясының шолу материалынан оқи аласыздар.

Ел экономикасы қарқынды өсіп келеді: ЖІӨ-нің 4,1%-ға өсуіне қандай факторлар ықпал етті

Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі мұнайға тәуелді емес секторлардың орнықты дамуы нәтижесінде 4,1%-ға өсті. Нақты сектордағы тауарлар өндірісі 5,1%-ға, ал қызмет көрсету саласы 3,5%-ға артты.

Салалар бойынша құрылыс саласы ең жоғары өсім қарқынын сақтап отыр. Оның көлемі 15,2%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 9,8%-дық, көлік қызметтері саласында 7,1%-дық өсім тіркелді. Сонымен қатар сауда (+5,7%), байланыс қызметтері (+4,3%), ауыл шаруашылығы (+4,4%) салалары оң көрсеткішке қол жеткізді. Аталған негізгі салалардың жиынтық үлесі республикадағы ЖІӨ өсімінің шамамен 85%-ын қамтамасыз етті.

Әлеуметтік секторда да оң үрдіс байқалады: Өткен жылғы төмендеуден кейін халықтың нақты табысы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 0,1%-ға өсті. Бұл үрдіске маусым айында жылдық инфляцияның 10,3%-ға дейін баяулауы оң ықпал етті. Оң серпінді нығайту мақсатында өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашуға бағытталған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.

Экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші инвестициялық белсенділік болып отыр. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,6%-ға ұлғайды. Жалпы инвестициялар құрылымындағы жеке капиталдың үлесі 87%-ға жетті. Инвестициялық белсенділік әсіресе ақпарат және байланыс саласында жоғары қарқынмен өсуде. Бұл бағытқа тартылған инвестициялар көлемі 2,3 есеге артты. Сондай-ақ құрылыс саласы (+38,7%), өңдеу өнеркәсібі (+33,3%), ауыл шаруашылығы (+24,6%) және көлік саласында (+11,6%) өсім тіркелді.

Ішкі сауда саласында да жоғары көрсеткіштер тіркелді. І жартыжылдықта оның көлемі 15,3%-ға артып, 36,2 трлн теңгеге жетті. Көтерме сауда 6,6%-ға, бөлшек сауда 3,8%-ға өсті. Оң үрдіс сыртқы сауда бағытымен де нығайтылуда: Қаңтар-мамыр айларында республиканың тауар айналымы $56,3 млрд-ты құрады, ал импорт $26 млрд-қа жетті. Соның нәтижесінде $4,4 млрд-тан асатын тұрақты оң сауда балансы сақталды. Бұл ретте жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының сапалық өсуі – 14,6%-ға, $14,9 млрд-қа дейін (оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 14,5%-ға, $11,8 млрд-қа дейін, қызметтер экспорты — 14,8%-ға, $3,1 млрд-қа дейін) тіркелді.

Тексерулердің орнына еркіндік: мемлекеттік бақылауды реформалау және жаңа кепілдіктер ШОБ-тың дамуына жаңа серпін берді

Елдегі ірі өндірістердің өсуімен қатар шағын және орта бизнес өз позициясын дәйекті түрде нығайтуда. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша I жартыжылдықта Қазақстанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2,9 млн-ға жетті, бұл 2026 жылдың басындағыдан 499 мыңға немесе 20,4%-ға артық. Салалық бөліністе ресурстарды өнімді секторларға сапалы қайта бөлу тіркелуде: тау-кен өндіру өнеркәсібінде (+2,9%), құрылыста және ауыл шаруашылығында (+2,5%), ақпарат пен байланыста (+2,4%) шағын заңды тұлғалар санының өсуі байқалуда. Бұл ретте елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 40,9%-ға жетті, ал өнім шығару 104,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 27,8%-ға артық.

Бизнестің мұндай белсенділігі көп жағдайда Үкіметтің әкімшілік жүктемені азайту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып отыр. Мемлекет бақылау жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізіп, жазалау тәсілінен алдын алу және профилактика қағидатына көшті.

Нәтижесінде, Бас прокуратураның мәліметінше, өткен жылы бизнесті тексеру саны 8,6%-ға қысқарды. Заңдардан 10 мыңнан астам артық талаптар алынып тасталды, ал жаңа қысымның алдын алу үшін «1 in 2 out» қатаң қағидасы қолданылады, ол қолданыстағы екі норманы жоймай бір жаңа норманы енгізуге тыйым салады. Бүгінде бизнестің есептілігінің 49% оңтайландырылды, ал ШОБ-тың мемлекетпен жедел өзара іс-қимылы үшін «eGov Business» ыңғайлы цифрлық қосымшасы іске қосылды.

Сонымен қатар мемлекет кәсіпкерлер үшін қаржылық қолдауды күшейтуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңге сомасына 9,5 мыңға жуық жоба жеңілдетілген қаржыландырумен қамтылды. Бүгінде жаңа құралдар белсенді түрде іске қосылуда: «Өрлеу» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6%-бен қомақты көлемде қарыздар берілуде (1 маусымдағы жағдай бойынша 18,4 млрд теңгеге 91 қарыз алушы қолдау тапты), ал өңірлерде өңдеу өнеркәсібі жобалары үшін 13,2%-бен «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды.

Бизнестің қарыз қаражатына қолжетімділігін кеңейту және бюджеттік қаржыландыруға тәуелділікті азайту мақсатында «Даму» қорының базасында екі жаңа кепілдік қоры құрылды. Олардың басымдығы — өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика және білім беру. Бұл механизм бизнесті несиелендіруге коммерциялық банктердің қаражатын белсенді тартуға мүмкіндік берді.

Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша кепілдік қоры шеңберінде 189,9 млрд теңге сомасына 998 жоба қолдау алды (оның ішінде берілген кепілдіктер 95,9 млрд теңгені құрады), ал Кепілдік қоры-2 бойынша 442,4 млрд теңге сомасына 6 ірі жоба мақұлданды (берілген кепілдіктер мөлшері 93,2 млрд теңгені құрады). Осы қаражатты бөлу тиімділігін мониторингтеудің барлық процесі «Baqylauda» цифрлық жүйесінде толық автоматтандырылған.

Адал бизнесті қорғау саясатының қисынды жалғасы мемлекеттік сатып алу жүйесін түбегейлі жаңғырту болды. Жаңа заңның арқасында рәсімдердің жалпы мерзімі үш есеге қысқарды – 30-дан 10 жұмыс күніне дейін, ал бір көзден бәсекелестікке жатпайтын сатып алу үлесі 23%-ға дейін төмендеді. Қазақстандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау үшін 50% мөлшерінде міндетті аванс енгізілді, келісімшартты қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату және тұрақсыздық айыбын 3%-ға дейін төмендету. Бұл жүйе қазірдің өзінде жемісін беріп отыр: алты айда мемлекеттік сатып алу көлемі 7,7 трлн теңгені құрады, бұл ретте отандық өндірушілермен 85,2 млрд теңге сомасына 61 532 шарт жасалды.

Қазақстан Орталық Азиядағы greenfield-жобалардың 89%-ын тартты

Айта кету керек, Үкімет жүзеге асырып жатқан реформалар 2029 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімін $450 млрд-қа дейін екі есеге ұлғайту және кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік инвестиция тарту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға тікелей бағытталған. Шетелдік компаниялардың елімізге инвестиция салуына қолайлы жағдай жасау мақсатында инвесторлардың барлық мәселелерін жедел әрі нақты уақыт режимінде шешетін Инвестициялық штаб құрылды. Құны $60 млн-нан асатын ірі жобалар үшін республиканың заңнамасының 25 жыл бойы тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім тетігі енгізілді. Бүгінгі таңда осындай 57 келісім жасалған.

Жүйелі жұмыс нәтижесінде Қазақстан өңірдегі жетекші инвестициялық бағыт мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. БҰҰ ЭСКАТО мәліметінше, былтыр еліміз жаңа өндірістерге арналған greenfield-жобаларға $19 млрд көлемінде инвестиция тартты. Бұл – Орталық Азиядағы жаңа өндірістерге бағытталған өңірішілік инвестициялардың 89%-ын құрайды. Жалпы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 14,4%-ға өсіп, $20,5 млрд-қа жетті. ТШИ құрылымында сауда саласы ($4,8 млрд), өңдеу өнеркәсібі ($4,4 млрд) және тау-кен өндіру секторы ($3,4 млрд) көш бастап тұр. Қазақстанның негізгі бес инвесторы қатарында Нидерланд ($4,6 млрд), Ресей ($2,9 млрд), Қытай ($2,8 млрд), Біріккен Араб Әмірліктері ($1,6 млрд) және Сингапур ($1,4 млрд) бар. Олардың инвестициялары технологиялық тұрғыдан күрделі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Жаңа Салық кодексі қандай өзгерістер әкеледі және азаматтардың мүддесін қалай қорғайды?

Ашық әрі тұрақты экономикалық экожүйені қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі – жаңа Салық және Бюджет кодекстерінің күшіне енуі болды. Жаңа салық саясаты нақты секторды жан-жақты қолдауға және салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған.

Реформа қазірдің өзінде елеулі макроэкономикалық нәтижелер көрсетіп отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Елдің кіріс базасын нығайтуға ҚҚС түсімдерінің шамамен бір жарым есеге артуы да елеулі үлес қосты.

Салық реформасының тиімділігі республикалық бюджеттің биылғы бірінші жартыжылдықтағы орындалу қорытындыларынан да көрінеді. Трансферттерді есептемегендегі бюджет кірістері 8,5 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,6%-ға орындалды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,6%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге артық. Көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту жөніндегі шаралардың нәтижесінде ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға артып, 158,2 мың субъектіге жетті. Осы оң үрдісті сақтап, нәтижесін нығайту мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары бекітілді.

КТС базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды, бірақ банк қызметі үшін ол 25%-ға дейін көтерілді. Ал аграрлық сектор үшін жеңілдетілген 3% мөлшерлеме белгіленді. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Осы ретте дәрілік заттарға, оқу әдебиеттеріне және баспасөз өнімдеріне төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК болып белгіленді.

Реформа аясында ЖТС бойынша прогрессивті мөлшерлеме енгізілді – жоғары табысқа салынатын салық. Енді жоғары табыс алатын азаматтар жылына 8,5 мың АЕК немесе 36,7 млн теңгеден асатын кіріс бөлігіне ғана 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Ал қалған азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар БЖЗҚ төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Сондай-ақ пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автокөліктер үшін көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асатын автокөліктер үшін 50%-ға төмендетілді. Бұдан бөлек, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім мөлшері 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Салықтық әкімшілендіру жүйесі сервистік модельге көшуде: нәтижесінде салықтар мен алымдардың жалпы саны 20%-ға, ал салықтық есептілік нысандарының саны 30%-ға қысқартылды. Реформаны үйлестіру мақсатында 239 нормативтік құқықтық акт қабылданып, Жобалық офис инфрақұрылымы құрылды.