Дүниеде халықтың жасампаз даңқы арқылы, сол халықтың танылатыны – заңды құбылыс. Ежелгі кезеңнен халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы – елдің абыройы мен айбыны болып табылған. Ол қажымас талпыныстар мен қажырлы еңбектің нәтижесінде орныққан. Мұндай әлеует – мемлекет дамуының түп қазығы. Қазақстандық жалпыхалықтық идеясының ерекшелігі – ежелден келе жатқан тарихи сананың ұрпақтар сабақтастығында.
Еуразиялық кеңістікте мәдени әлеуетін қалыптастырған қазақ халқы – көрші жұртпен байланысын үзбей, өзіндік өркениет құрған бірегей ұлт. Ұлық Ұлыс кезеңінің Әлем тарихына және Ұлы дала мемлекеттілігінің, мәдениетінің және рухани дәстүрінің қалыптасуына ықпалын мәлімдеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Алтын Орданың түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болғандығын және Еуразия кеңістігіндегі көптеген мемлекеттер Ұлық Ұлыстың басқару жүйесін басшылыққа алғандығын, Ұлық Ұлыс тарихы жөнінде зерттеу жүргізудің ұлт жылнамасы және әлем тарихы үшін де маңыздылығын атап өткен болатын.
Ұлы далада ұлттық құндылықтар жасаумен қатар, мәдени ықпалдасу нәтижесінде рухани жаңғырту үрдістері де қатар жүрді. Қазақтың өзіндік дәстүр-салты, қайталанбас бабалар мұрасы орнықты. Кез келген ұлттың даму деңгейі, оның әлемдік өркениет көшіне ілесуі, яғни мәдениетінің даму деңгейінен көрінеді. Қазақ ұлтын оның жыр-эпостары, ән-күй, салт-дәстүрінсіз елестету мүмкін емес. Тәуелсіздік кезеңінің басты жетістігінің бірі – қазақ мәдениетінің қайта жаңғыруы және әрі қарай дамуы болып табылады. Ұлттық мәдениетпен қатар Қазақстанды мекендейтін түрлі этностардың мәдени дамуы да жаңа сапалы сатыға өтуімен ерекшеленеді. ХХІ ғасыр – қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғыртып, дамытудың басты факторына айналды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек көрсету қағидаттары бойынша, бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар маңызға ие болды. Біреу түсінер, біреу түсінбес «алдымен экономика» тұжырымдамасының бекуі, дәл осы мәселелерден туындаған-ды. Яғни, жаһандық сын-қатерлердің құшағында тұншықпау мақсатында ауқымды заманауи жобалар қажет болатын. Құбылмалы үдерістерге шыдас беруге бейімделу және межелеген мақсатқа жететін жол табу қажет болды. Ел мүмкіндігін ескере, әлемдегі ең дамыған елдермен иық түйістіру басты мақсатқа айналды. Дәстүрлі азат – рухты көтеру және нығайту. Мемлекеттің нығаюына әсер еткен түрлі тарихи оқиғалардың желісін қайта зерделеу. Тарихтың «ақтаңдақ» беттеріне қайта үңілу және одан тарихи таным алу. Ол: тарихи сананы жаңғырту; тәуелсіз рухтың заңғар әлеуетін көрсету. Алыс және жақын шет елдермен қарым-қатынастағы дипломатиялық келісімнің рөлін арттыру. Осылайша, Қазақстан дербес мемлекет ретінде экономикалық даму үрдістерінің мол тәжірибесін жинақтай ХХI ғасырға қадам басты.
Қазақстан дербес мемлекет ретінде экономикалық даму үрдістерінің мол тәжірибесін жинады. 1990 жылдардың басында ел экономикасын реттеуде заманауи уақыт талабына сай жұмыстар қолға алынды, тарихтың жаңа беттері айқындалды. Тәуелсіздік тұғырын қондыру – әкімшілік-әміршілдік жоспарлы экономиканы нарыққа көшіру, заманауи демократиялы және азаматтық қоғамның негізін орнату жүзеге асырылды. Әлеуметтік-экономикалық қатынастарды қайта құру және жаңаша қоғамдық жүйені қалыптастыру, әлемдік үдерістерге сүйенетін шаруашылықты жүргізудің жаңа сапалық үлгісін жасау қажет болды. Қазақстандағы аралас экономиканың қалыптасуы дәстүрлі шаруашылықтың әлсіреуіне, бағаның құнсыздануына және т.б. үдерістерге жеткізген экономикалық күйзеліс жағдайында бастау алды. Нарықтық талаптарға сай экономиканың ұлттық құрылымын құру үшін Қазақстанға түрлі бағыттар мен қоғам және шаруашылықтың барлық деңгейі бойынша басымдылықтарды анықтау қажет болды. Қысқа мерзім ішінде ашық нарықтық экономика мен демократиялық даму үлгісін таңдау арқылы қоғамды және экономиканы реформалау міндеттері мүмкіндігінше тиянақталып, өзіне тән айқын сипаты бар жаңа мемлекеттілік құрылым жасалуда. Тарихи дамудың заманауи кезеңінің іс-қимылдары арқылы нәтижелі қарымды қадамдарға ұмтылыс жасалуда.
Жаңа XXІ ғасыр басындағы Қазақстанда қабылданған жаңа шешімдер нәтижелері ашық нарықтық экономика даму үлгісінің таңдалуының дұрыстығын айқындады. Қазақстанның тұрақты даму жолындағы жоспарланған өзекті мәселе – әлеуметтік мемлекет құру. Қазақстан жаңа мыңжылдықтың дағдарысы жағдайында «алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидасы бойынша алға жылжыды. Көп адамдар Қазақстанды әу баста экономикалық ырықтандыру бағытын таңдап, терең саяси реформаларды кейінге қалдырғаны үшін сынға алса да, алайда, уақыт бұл бағыттың әділдігін көрсетіп отырғандығына американ конгрессмені Крис Кэннон сараптама жасай келе, ойын былайша қорытындылайды: «…Әрине, қателіктер де, олқылықтар да болды, алайда Қазақстанның қарқынмен алға жылжып келе жатқандығын мойындауымыз қажет».
Зияткерлік ұлт қалыптастырудың, бәсекеге қабілетті қауым тәрбиелеудің негізі – жаhанданудың жойқын ықпалынан ада мәдени төлтумалық пен рухани дербестікті сақтап қалуда. Осы мақсатта «Білім беру туралы» Заңы, «Білім беру» мемлекеттік бағдарламасы, «Ғылым туралы» Заң қабылданды. Білім беру саласының екі қыры негізделді: утилитарлық-тәжірибелік және рухани-адами тәрбие беру. Біріншісі бойынша, жаңа технологияны пайдалану қажеттілігі ескеріліп, нарықтық экономика сұранысын қамтамасыз ету. Жоғары қатаң әлемдік стандартты есепке ала, білім беру саласына түпкілікті реформа жүргізудің үш кезеңмен жүргізу қыры айқындалды: жан-жақты, орта мерзімді және ұзақмерзімді. Дүниежүзілік білім беру жүйесіне кiрiгу үшін Қазақстанның бiлiм беру жүйесiн халықаралық сапа деңгейіне көтер мақсаты қойылды. Азаматтардың бәсекеге қабiлеттілігі олардың білім деңгейімен айқындалды.
Қоғамдағы жеке адам, тұлға, отбасы мүшелері өздерінің даму «мүмкіндік көздерін» айшықтай алуы шарт, сонда ғана адам бойындағы барлық әлеуетін пайдалана алады және жетістіктер мен молшылыққа кенеледі. Ол елдің табысына айналады. Ол әрбір адамның, маманның, жауапкершілік алып отырған басшылардың көзқарасын жаңғыртуы, түйсіне отырып, жаңа өмір сапасына мүдделілік таныту қажеттілігіне сұранысты өсіреді. Бұл – айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде қиын дүние. Еңбек пен салауатты өмір-салтына адамдардың ыждаһаттықпен шынайы ұйыса алуы нәтижесінде ғана жүзеге асырылады. Сонда ғана қазақстандық өнімдердің сапасы артып, қазақстандық білім және ғылыми орта көзқарастары мен өтімділігі нақты тарихи үрдісте өмір сүреді.
Зерделі тұрғындары бар жаңаша әлеуетті қоғам құрудың алғышарты: мәдени-тарихи, рухани ресурстарды жұмылдыру арқылы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру. Оған алғашқы қадамдар жасалуда. Атап айтқанда: жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне қаржының бөлінуі, инновациялық білім ошақтарының сапасын арттыру, ғылыми зерттеу жұмыстарының деңгейін көтеру және оның нәтижелерінің тәжірибе жүзінде қолдану маңыздылығына мән беру күн тәртібінде.
Қазіргі заман дәуірінде білім мен ғылымды дамыту мақсатында елімізде әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын білікті ғалымдар мен инженерлерге, өнертапқыштарға сұраныс артып отыр. Қазақстан басты тірегі ғылым мен инновацияға құрылған әділ де инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құру мұратын алға қойып отыр. Әлемдік көштің алдыңғы қатарына шығу үшін даналыққа жол ашып кеткен Алаш тұлғаларынан тағылым алу, саналы қоғамның сапалы да әлеуетті заманауи тұлғаларын қалыптастырудың рөлі маңызды болмақ. Бұған мүмкіндіктер де, әлеует те жеткілікті.
Құндызай ЕРИМБЕТОВА,
Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының
«Деректер» бөлiмiнiң басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты