Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында бір топ елордалықтарға мемлекеттік наградалар тапсырды.
Марапатқа ие болғандардың қатарында елорданың дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбек ардагерлері мен жұмысшылар, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, өндіріс, құрылыс және бизнес, мәдениет, өнер және спорт өкілдері болды. Президенттің Жарлығымен бекітілген марапаттар елордалық азаматтардың күнделікті қажырлы еңбегі мен Отанға деген сүйіспеншілігінің шынайы белгісі ретінде Астана қаласы әкімдігінде салтанатты жағдайда табысталды.
Мемлекеттік награда алғандардың қатарында біздің өз әріптестеріміз «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Айгүл Уайс пен «Вечерняя Астана» газетінің көркемдік редакторы Ләззат Нығметова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.