Ұлттың асыл арманы орындалған күн

Ұлттың асыл арманы орындалған күн

Республика күні ұлттық тәуелсіздіктің тарихи алғышарттарын терең түсінуге, қазақ мемлекеттілігінің саяси жалғастығы мен сабақтастығын қалыптастыру тарихи жолын бағалауға және еліміздің келешегіне деген жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданған 1990 жылғы 25 қазан – Қазақстан тарихындағы ірі саяси бетбұрыс күні. Оның құндылығы мен маңызы – Қазақ Респуб­ликасының жаңа егемендік қағидаттарын бекітіп, қайта құрылатын тәуелсіз мемлекеттің саяси-құқықтық іргелі негіздерін қалыптастыруы.

Қазақстан тарихында 1990 жылғы 25 қазанның орны ерекше дейміз. Өйткені осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларация құжатын қабылдады. Елдің егемендігі туралы жар салған бұл құжат Қазақ Республикасының саяси-­құқықтық дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдірді, қазақ халқына ұлттық тәуелсіздікті жандандыруға жол ашты. Сондықтан декларацияны сол кезеңнің саяси құжаты ретінде ғана емес, қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихындағы маңызды белес ретінде қарастырады.

«Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияның қабылдануы кездейсоқ оқиға емес. 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында Кеңес Одағы саяси және экономикалық терең дағдарыста болды. Михаил Горбачев сияқты мемлекет басшысы жариялаған қайта құру мен жариялылық саясаты қоғамдық-саяси белсенділікті арттыруға мүмкіндік тудырды. Сол кездегі он бес одақтық республикалар құқығы мен еркіндігіне қатыс­ты мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Орталық биліктің әлсіреуі республикалардың өз мүддесін қорғауға және мемлекеттік басқарудағы дербестігін кеңейтуге ұмтылысын күшейтті. Қазақстан да сол үдерістердің бел ортасында болды.

1990 жылы одақтас респуб­ликалардың бірқатары Мемлекеттік егемендік туралы декларациялар қабылдай бастады. Мұндай жағдайда Қазақстанның өзінің саяси-құқықтық мәртебесін бекіту қажеттілікке айналды. Республика үшін мәселе тек орталық биліктен көбірек өкілет алу емес, өзінің саяси, экономикалық және ұлттық-мәдени даму бағытын дербес, жеке белгілеу құқығын алу. Осы тұрғыдан алғанда, 25 қазанда қабылданған де­кларация – сол кезеңдегі тарихи жағдайға берілген маңызды саяси жауап.

Қазақстан бұл құжатта мемлекеттік егемендік, республиканың аумақтық тұтастығы, мемлекеттік биліктің дербестігі және саяси-экономикалық даму мәселелерін өз бетінше шешу қағидаттары бекітті. Сонымен қатар онда республиканың өз аумағындағы билікке қатысты өкілеті, ұлттық-мәдени мүддесін қорғау және басқа республикалармен қарым-қатынасын жаңа құқықтық негізде қалыптастыру мәселесі айтылды. Қазақ халқының ана тілі мен ұлттық мәдениетін дамытуға, тарихи дәстүрлерін сақтауға және Қазақстанда өмір сүретін өзге этностық топтардың құқығын сақтауға орай ұстанымдар да маңызды орын алды.

Декларация құжатының ерекшелігі – Кеңестік Қазақ Республикасының егемендікке ұмтылысын заң жүзінде бекіте отырып, сол кезеңдегі күрделі саяси жағдайды ескеруі. Өйт­кені құжат қабылданғанда, Қазақстан әлі Кеңес Одағының құрамында тұрды. Сондықтан оны құқықтық жағынан әлі де мемлекеттік тәуелсіздік толық жариялануымен бірқатар қоюға болмайтын еді. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі 1991 жылғы 16 желтоқсанда жария етілді, ал 1990 жылғы декларация осы тарихи шешімге де­йінгі маңызды саяси-құқықтық кезеңді білдірді.

Құжатты әзірлеуде және талқылауда әртүрлі көзқарастың болуы сол уақытта саяси ахуал қандай болғанын көрсетеді. Декларацияның мазмұны рес­публиканың саяси келешегіне қатысты маңызды мәселелерді қамтыған және депутаттар арасында егемендіктің көлемі, Кеңес Одағымен қарым-қатынастың сипаты және саяси-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөнінде пікірталас тудырды. Бір жағынан, республиканың құқығын кеңейту қажеттілігі айқын сезілсе, сонымен бірге, әлі күшінде тұрған тығыз одақтық байланыстардың жағдайы мен ықтимал өзгерістердің салдары қандай болатынына алаңдау­шылық туғызды.

Декларация құжатының ресми қабылдануы бірауыздан өткен жоқ. Ол демократия күшінде болғанын көрсетеді. Жарияланған тарихи деректерге сәйкес, қорытынды дауыс беруде 261 депутат құжатты қолдап, 18 депутат қарсы дауыс беріп, 2 депутат қалыс қалды. Мұндай нәтиже ұлт егемендігі мәселесіне қатысты саяси ұстанымдардың әртүрлі болғанын аңғартады. Қарсы болғандардың қарсы дауыс беру себептерін бір ғана факторға тіреп қоюға келмес: олардың көзқарасына Кеңес Одағының болашағына қатыс­ты ұстанымы, республиканың дербестігін кеңейтудің ықтимал салдары және экономикалық тұрақтылықтың сақталуына байланысты алаңдаушылық та әсер етуі мүмкін. Дегенмен депутаттардың нақты уәждерін толық бағалау үшін сол кезеңдегі стенограммалар мен архив деректеріне сүйену қажет.

Декларация құжатының тарихи маңызы оның қабылданған кезеңімен және саяси жағдайымен тығыз байланысты. 1990 жылы Қазақстан алдында күрделі таңдау тұрды: күнде өзгеріп жатқан саяси жүйеде республиканың мүддесін қалайда қорғау және болашақ мемлекеттік дамудың негізін қалайда қалыптастыру. Декларация осы мәселелерге құқықтық деңгейде жауап беруге бағытталған қадамға айналды. Ол ұлт тәуелсіздігін бірден жарияламаса да, республиканың егемендік құқығын нығайтуға, алдағы уақытта дербес мемлекетке өтуіне алғышарттарды бекітті.

Құжаттың дәл осы кезеңде қабылдануы Кеңес Одағындағы саяси өзгерістермен, одақтас республикалардың егемендікке ұмтылысымен және Қазақстанның өз ертеңін айқындап алу қажеттілігінен шықты. Сол кездегі жағдай республиканың бұрынғы саяси басқару жүйесінде қалып қоймай, жаңа саяси-құқықтық қатынас орнатуға дайындалуынан туындады. Кейінгі саяси оқиғалар бұл үдерістің тарихи маңызын көрсетті, 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.

Бүгінде 25 қазан Қазақстанда Республика күні ретінде аталып өтеді. Бұл күннің маңызы өткен тарихи оқиғаларды еске алумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттіліктің қалыптасу жолын, егемендіктің мәнін және тәуелсіздікке дейін қабылданған саяси шешімдердің сабақтас­тығын түсінуге мүмкіндік береді. Қазақстанның тәуелсіздігі бір күнде қалыптаспағанын, соның негізінде ұзақ тарихи үдерістер, қоғамдық өзгерістер және елдің болашағын айқындаған маңыз­ды саяси шешімдер жатқанын көрсетті.

Махсат АЛПЫСБЕС,

тарих ғылымдарының ­докторы