Депозит сыйақысына 5% салық енгізу туралы ұсыныс - жалған ақпарат

Депозит сыйақысына 5% салық енгізу туралы ұсыныс - жалған ақпарат
фото: ukrainedigest.com.ua

Әлеуметтік желіде Қазақстан азаматтарының банктік депозиттер бойынша төленетін сыйақыға 5% салық енгізу туралы ұсыныс пайда болды деген ақпарат тарап жатыр. Жарияланымда әңгіме депозиттің негізгі сомасы емес, банк есептейтін пайыздар туралы болып отырғанын айтады. Бұл хабарлама - шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына сілтеме жасап.

 «Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жеке тұлғаларға банктердегі салымдары (депозиттері) бойынша төленетін сыйақыларға жеке табыс салығы салынбайды. Оның үстіне, бұл норманын күшін жою және салымдар бойынша сыйақыларға салық енгізу мәселесін Қазақстан Республикасының Үкіметі қарастырып жатқан жоқ. Демек, елде банктік салымдар бойынша пайыздарға 5% салық енгізу ұсынылды деген тұжырымдардың ешқандай негізі жоқ. Мұндай хабарламаларда бұл бастаманың авторы, ресми құжаттың атауы, датасы немесе осы ұсыныс айтылған алаң көрсетілмейді. Бұл – жалған ақпарат әрі манипуляциялық ақпараттың басты белгісі», делінген хабарламада.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды салықтар, әлеуметтік төлемдер және басқа да маңызды өзгерістер туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі тексерілмеген хабарламаларға сенбеуге шақырады.