Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының өр рухты көрнекті өкілі, лирик ақын және көркем аударманың шебері Қасым Аманжоловтың 115 жылдығына арналған «Дауылпаз ақын - Қасым» атты мәдени іс-шара «Достық» үйінде өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл іс-шараның ерекшелігі - ортақ Отанымыз - Қазақстанда бір шаңырақ астында сыйластық пен ынтымақтастық, татулық пен бірліктің туын көтеріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ғұмыр кешіп жатқан әртүрлі этнос өкілдерінің мәдени бірлестіктерінің қызметкерлері, «Руханият» мекемесінің арнайы құрған «Мәміле» атты клубының мүшелерінің қатысуымен ерекше маңызға ие болды.
Іс-шараның мақсаты - Қасым Аманжоловтың әдеби мол мұрасын насихаттау, ақынның өлеңдері мен әндері арқылы өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыру, ақын жырларын мәнерлеп оқытып, әсем әндерді орындау арқылы іс-шараға қатысушылардың өнерге деген құрметін ояту, сөздік қорларын молайту, ән мен поэзияның ғажайып сырларын ұға білуге ықпал ету.

Әсерлі де мағынаға толы іс-шара барысында дауылпаз ақынның отты жырлары мәнерлеп оқылып, өзге ұлт өкілдерінің ақын өлеңдерін жатқа айтуы қатысушыларды бір серпілтіп тастаса, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімге толы «Туған жер» әні тебірене орындалды. «Мәміле» клубының мүшелерінен құралған «Ладушка» ансамблі әуелетіп қазақ әндерін айтты. Сонымен қатар «Жыр жазамын жүрегімнен», «Өзім туралы» әндері орындалды. А. Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасаған Қасым ақынның аудармаларын қазақ тілінде мәнерлеп оқыған тыңдаушылардың тарапынан мемлекеттік тілге деген ерекше құрметі мен ыстық ілтипаттары айқын көрініп тұрды.
Тәжірибелі ұстаз Лаула Тоғатайқызы бүгінгі таңда «Мәміле» клубының мүшелерімен қоян-қолтық жұмыс жасап, оларға қазақ тілі курсынан сабақ беріп, осындай іс-шаралардың атқарылуына мұрындық болып келеді. «Достық үйіне» арналған арнау өлең оқыған ақын, «Мәдениет саласының үздігі» Серік Рысбекұлы мен «Ақпарат саласының үздігі» Айжан Серікқызы Қазақстанда тұрып жатқан өзге этнос өкілдерінің ынтымағының беріктігі мен тату тыныс-тіршілігін паш етті.