«Даму»: қолдауға ие кәсіпорындар қарқыны

«Даму»: қолдауға ие кәсіпорындар қарқыны
фото: Астана қаласының әкімдігі

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі қаржылық құралдарын іске асыратын «Даму» қорының Астана филиалы баспасөз турын өткізді. Жеңілдетілген қаржыландыру, кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда кредиттер бойынша кепілдік беру және сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялаумен айналысатын қор «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналады. Қор жұмысы басталғалы жалпы 265 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілген. Соның елеулі көлемі елорда кәсіпкерлеріне де тиесілі., деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астанадағы баспасөз туры барысында журналистер білім беру, өнеркәсіптік өндіріс және тамақ өнеркәсібінде қызмет ететін үш кәсіпорынға барды. Олар қордың кәсіпорындардағы өндірістік қуатты кеңейтуге, жабдық сатып алуға және жаңа жұмыс орындарын құруға қандай мүмкіндіктер беретінін білді. Қор құрылғалы бері жүргізілген қолдау шараларының нәтижесінде кәсіпкерлер 129,8 трлн теңгенің өнімін өндіріп, салық түсімдері 9 трлн теңгені құраған. 1,2 млн-нан астам жұмыс орны сақталып, 220 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.

Қордың Астана қаласы бойынша Өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюктің айтуынша, соның ішінде елордада кепілдік беру арқылы жалпы кредит сомасы 355,7 млрд теңгені құрайтын 6,2 мыңға жуық жоба қолдау тауыпты. Ал сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жалпы кредит сомасы 926 млрд теңгені құрайтын 9,7 мыңға жуық жоба қолдауға ие болған. Сонымен қатар қаражатты шартты орналастыру бағдарламалары аясында Астанада жалпы сомасы 295,9 млрд теңгені құрайтын 3,1 мыңға жуық жобаға қор тарапынан қолдау көрсетілді. «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы аясында жалпы кредит сомасы 99,5 млрд теңге болатын 285 жоба қолдау тапты. Қаржыландырудың негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Шұжық өнімдерін шығарады

Журналистер алдымен мемлекеттік қолдаудың түрлі құралдарын қолданудың нақты нәтижесін көрсететін үш кәсіпорынның біріншісі «Астана Етком» ЖШС-не барды. Компания елордада ет және ауыл шаруашылығындағы құс етінен өнім өндіреді. Жоба өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдауына ие болды. Мақұлданған қаржыландырудың жалпы сомасы 4,5 млрд теңгені құрады. Қаражат ет өңдеу кешенін салуға және заманауи өндірістік жабдықтарды сатып алуға бағытталды. «Астана Етком» ЖШС құрылтайшысы және иесі Фархад Мадалиевтің айтуынша құрылыс жұмыстары аяқталып, жабдықтар орнатылды, нысан пайдалануға беріліп, өндіріс іске қосылды.

-Компания ең бір заманауи технологиялармен жабдықталған, себебі біз цифрландыру, роботтандыруға басымдық береміз. Соның айғағы ретінде Қазақстан бойынша тұңғыш болып шұжық өнімін әзірлеуге қатысты робот сатып алдық. Қазір оны іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа кешеннің өндіріс көлемін жылына 18 мың тонна өнімге дейін жеткізуге, өнім ассортиментін кеңейтуге, жаңа брендтерді іске қосуға және өнімді Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес елдерге де жеткізуді дамытуға мүмкіндігі мол. Өндірістік, технологиялық, зертханалық және басқа да бағыттардағы мамандарды қоса алғанда, 300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алғашқы экспорттық өнімдерімізді Ресейге жібердік. Басқа нарықтарды да қамту жоспарда бар. Жалпы серіктестік экспортқа бағдарланған.  Салықтардың бәрінен босатылғанбыз, мемлекет тарапынан берілген үлкен қолдау - кәсіпорын салуға барлық коммуникациялық желілері жүргізілген жер телімінің тегін берілуі,- дейді Ф. Мадалиев.  

Жылу, су жабдықтарын жасайды

БАҚ өкілдері барған екінші нысан 2015 жылы құрылған «Теплотехник-НС» ЖШС болды. Мұнда жылумен және сумен жабдықтау жүйелеріне арналған жылу-техникалық және гидравликалық жабдықтар шығарылады. Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттары — жиналмалы пластиналы жылу алмастырғыштарды, блокты жылу пункттерін, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға арналған сорғы станцияларын, өрт сөндіру және автоматты өрт сөндіру жүйелерін өндіру. Өндірістік қуаты жылына 1 300-ге дейін жиналмалы пластиналы жылу алмастырғыш, 200 автоматтандырылған блокты жылу пункті, 400 сорғы станциясы, 2 000 тік абоненттік лай ұстағыш, 6 000 қабаттық тарату коллекторы, сондай-ақ сорғы станциялары мен жылу пункттеріне арналған 1 000-ға дейін басқару шкафын және басқа да өнім түрлерін шығаруға жетеді. Кәсіпорын «Bereke Bank» АҚ-дан тартылған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түріндегі «Даму» қорының мемлекеттік қолдауын екі рет пайдаланған.

-Тартылған қаржы инвестициялық жобаларды іске асыруға, оның ішінде меншікті өндірістік базаны сатып алуға және дамытуға, сондай-ақ заманауи өндірістік жабдықтарды сатып алуға бағытталды. Көрсетілген қолдау кәсіпорынға материалдық-техникалық базасын кеңейтіп қана қоймай, өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуға және шығарылатын өнімнің жергілікті қамту деңгейін арттыруға негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жоба аясында кәсіпорын жылу алмастырғыш пластиналарды тікелей өзінің өндірістік алаңында қалыптауға мүмкіндік беретін арнайы гидравликалық престерді сатып алды, - дейді компания директоры Владимир Усов.

Бүгінде кәсіпорында 43 адам еңбек етеді. Серіктестік шығаратын өнімдердің бір бөлігі Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген. Экспорттық өнімдер Қазақстан нарығынан бөлек Ресей мен Өзбекстанға жіберілуде.

Аутизмнен оңалтады

Журналистер ат басын бұрған үшінші нысан аутизмі бар адамдарға оңалту қызметін көрсететін «Qadam special school» ЖШС болды. Аутизмге шалдыққан  балалардың ата-аналары осы орталықты ашу үшін қаржылай қолдау іздеген кезде «Даму» қорының көмегіне жүгінген. Орталық директоры Жұлдыз Тұрғынбектің айтуынша, қордың қолдауымен компания субсидиялау және кепілдік беру құралдарын пайдалана отырып, инвестициялық мақсаттарға 230 млн теңге тартқан.  Қор кепілдігінің сомасы 27,2 млн теңгені құраған.

-Қаржыландыру есебінен ауданы 301,4 шаршы метр үй-жай сатып алынып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік, қажетті жиһаз бен жабдықтар сатып алдық. Жобаны іске асыру нәтижесінде «Qadam Esil» түзету орталығы ашылды. 5 жаңа жұмыс орны құрылды, қызметкерлердің жалпы саны 20 адамды құрайды. Бүгінде орталықтың қызметін 35 бала пайдаланады, - дейді Ж. Тұрғынбек. Қазір орталықта аутизмге шалдыққан және туа бітті дамуы тежелген 2-3 жастан жоғары балаларға екі бағытта, яғни спорттық және академиялық, шығармашылық жағынан дамыту бойынша қызметтер көрсетіледі.

Қаржыландырумен ғана шектелмейді

Қор жұмысы тек қаржыландырумен шектелмейді. Кәсіпкерлер консультация алып, қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін жобаларын сүйемелдеу қызметін пайдалана алады, сондай-ақ кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтеді. Қор базасында «Бәйтерек» холдингінің Бірыңғай фронт-офисі де «бір терезе» қағидаты бойынша жұмысын бастады. Мұнда кәсіпкерлер «Даму» қоры, Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, KazakhExport және QIC құралдары бойынша консультация алады. Сонымен қатар қор бірнеше қалада Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарының жұмысын іске қосты. Кәсіпкер қор филиалына келген соң мамандар жағдайды бағамдап, мәселені шешудің жолын айқындайды және одан әрі қолдау ретін қалыптастырады. Мәселені шешуге бейінді мемлекеттік органдар, қаржы институттары, жергілікті атқарушы органдар және «Бәйтерек» холдингі тобының ұйымдары тартылады. Қор қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, кәсіпкерді оның мәселесі бойынша шешім қабылданғанға дейін қолдайды. Кәсіпкерге әрбір мекемеге жеке-жеке жүгінудің қажеті жоқ. Осылайша, бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау консультация мен оқытудан бастап, қаржы тартуға, өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға дейінгі бизнесті кешенді сүйемелдеуді қамтиды.

Райхан Рахметова