Астана күні қарсаңында, яғни 4-5 шілде күндері елордада республикалық Creative Aimaq жобасы аясында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты креативті жәрмеңке өтеді. Бұл – Ұлы дала тарихы креативті экономикамен, этносәнмен, VR және цифрлық технологиялармен тоғысатын ерекше алаң, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында өтеді. Жобаны «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры орындайды. Бұл жолы жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысының North Kazakhstan Heritage Weekend атты «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Дәл осы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында адамзат өркениетінің маңызды кезеңдерінің бірі – жылқыны алғаш қолға үйретумен байланысты Ботай мәдениеті қалыптасты. Бүгінде өңір тарихи-мәдени мұраны креативті экономикамен, цифрлық технологиялармен және адами капиталды дамытумен ұштастырып, жаңашылдық дәстүрін жалғастырып келеді.
Көрме үш тақырыптық аймақтан тұрады.
Бірінші аймақ тарихи-мәдени мұраға арналады. Келушілер Ботай мәдениетімен, археологиялық жаңалықтармен, қазақ халқының дәстүрлерімен, ұлттық қолөнермен, сәндік-қолданбалы өнермен және Абылай хан тарихымен таныса алады. Мұнда көркем симпозиум аясында салынған картиналар, мультимедиалық элементтері бар Ботай мәдениетінің интерактивті көрмесі, «Абылай хан резиденциясы» театрландырылған экспозициясы, қыш шеберханасы, дәстүрлі кілем тоқу өнерінің көрсетілімі, сондай-ақ авторлық керамика мен халық шеберлерінің бұйымдары ұсынылады.
Екінші тақырыптық алаң Солтүстік Қазақстан облысының креативті экономикасына арналады. Мұнда өңірдің үздік брендтері, ұлттық нақыштағы заманауи дизайнерлік киім топтамалары, авторлық әшекейлер, кәдесыйлар, қолөнершілердің бұйымдары, сәндік-қолданбалы өнер туындылары және ұлттық мәдениеттің заманауи үлгілері таныстырылады.
Келушілерді дизайнерлік этно-көрсетілім, жергілікті өндірушілер өнімдерінің жәрмеңкесі, жанды этно-музыка және өңірдің жетекші шеберлерінің шеберлік сабақтары күтеді.
Үшінші кеңістік технологиялар мен медиаға арналған. «Цифрлық киіз үй» аймағында ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, GameDev, VR/AR, 3D-баспа және цифрлық шығармашылық салаларындағы жобалар ұсынылады. Келушілер өңірдің инновациялық экожүйесімен танысып, SKO Hub ұйымдастыратын интерактивті квестке қатысып, дрондар мен заманауи технологиялық шешімдердің көрсетілімін тамашалай алады.
Сондай-ақ кино, анимация және медиаөндіріске арналған арнайы алаң жұмыс істейді. Онда Солтүстік Қазақстан облысының авторлары түсірген деректі, анимациялық және қысқаметражды фильмдер көрсетіледі.
Бағдарлама этно-концертпен, жанды музыкамен және өңірлік брендтер мен халық шеберлерінің өнімдері қойылған көрме-жәрмеңкемен қорытындыланады.
Екі күн бойы сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін келушілер үшін интерактивті көрме алаңдары, өңірлік брендтердің жәрмеңкесі, қолөнершілер бұйымдарының көрме-сатылымы, шеберлік сабақтары, мультимедиалық экспозициялар мен тақырыптық инсталляциялар жұмыс істейді.