Астанадағы «Эко Hub» кеңістігінде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Бақытты бала IQ» балабақшасының тәрбиеленушілерімен танымдық кездесу өтті. Балаларға табиғатты сақтауға қалай үлес қоса алатыны айтылып, көрнекі түрде көрсетілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Табиғат – ғасыр айнасы» атты диалогтық кездесуді Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің №8 кітапхана-филиалы ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды тәрбиелеу және экологиялық жауапты өмір салтын насихаттау.

«Іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу мәселелеріне арналған таныстырылым ұсынылды. «Эко Hub» кеңістігінің мамандары өткізген танымдық экскурсия балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар қоқысты сұрыптау қағидаларымен танысып, әртүрлі қалдықтардың қалай қайта өңделетінін және қайталама шикізаттың жаңа өнімге қалай айналатынын білді. Қайта өңдеу үдерісінің көрсетілімі балаларға ерекше әсер қалдырды», – деді кітапхана меңгерушісі Жанна Айдарбекова.
Оның айтуынша, бүгінде экология мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі және табиғи ресурстардың сарқылуы адам денсаулығы мен ғаламшардың болашағына айтарлықтай әсер етеді.
«Экологиялық тәрбиені ерте жастан бастау қажет. Балалардың бойында табиғатқа жанашырлық пен оны сақтауға деген жеке жауапкершілік қалыптастыру маңызды. Интерактивті экскурсия мен тәжірибелік мысалдардың арқасында бүлдіршіндер экология туралы жаңа білім алып, тақырыпқа қызығушылық танытты. Олар әр адамның күнделікті әрекеттерінің өзі қоршаған ортаны сақтауға үлес қоса алатынын түсінді», – деп атап өтті спикер.