Астанада тұрғындарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша кеңес беру мақсатында Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға Еңбек инспекциясы, Әлеуметтік қорғау департаменті, Білім басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, Спорт басқармасы, Тұрғын үй басқармасы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қатысты.

Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан тікелей кеңес алды. Атап айтқанда, азаматтар бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек шартын жасау, еңбек құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде сұрақтарын қойды.

Сонымен қатар тұрғындарға мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау, білім алу, медициналық қызметтерді алу, спорттық үйірмелер мен секцияларға қатысу, тұрғын үй мәселелері, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және әлеуметтік сақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың жұмыс іздеп жүрген азаматтар үшін жұмыс берушілер ұсынатын бос орындармен танысып, өз мамандығына сәйкес жұмыс табуға және қажетті кеңес алуға жағдай жасалатынын айтады.
«Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарға жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік беру және әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша қажетті ақпаратты бір жерден ұсыну. Жұмыс іздеп жүрген азаматтар өздеріне сәйкес бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, медициналық сақтандыру және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары бойынша мамандардан кеңес алды. Жалпы, жыл басынан бері Іс-шараға барлығы 453 жұмыс беруші қатысып, 2 821 жұмыс іздеуші қамтылды. Тұрғындарға ұсынылған бос жұмыс орындарының жалпы саны 3 665-ті құрады. Нәтижесінде 17 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылып, 19 адам әлеуметтік жұмыс орындарына (АМЗҚ) жолданды. Сондықтан біз тұрғындарға өз құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіріп, жұмысқа орналасу жолында қолдау көрсетуге дайынбыз. Басты мақсатымыз – азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етіп, оларға қажетті мемлекеттік қызметтер мен қолдау шаралары туралы толық ақпарат жеткізу», – деді Сарыарқа және Байқоңыр аудандары Мансап орталығының директоры Бағила Орынбетова.