"Болашақ ойындары" – ұландықтардың қырағы күзетінде

"Болашақ ойындары" – ұландықтардың қырағы күзетінде
фото: Ішкі істер министрлігі

Астанада халықаралық "Болашақ ойындары – 2026" өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері күшейтілген режимде қызмет атқаруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

     Әскери жасақтар жарыс өтетін спорт нысандарының маңында, қатысушылар мен ресми делегациялар орналасқан орындарда, адам көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктерде, сондай-ақ негізгі көлік тораптары мен елорданың стратегиялық маңызды аумақтарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.

     Қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарына Астана, Көкшетау, Қарағанды және Теміртау қалаларындағы әскери бөлімдерден әскери қызметшілер тартылды. Жалпы алғанда, іс-шараға 1600-ден астам ұландық жұмылдырылған.

     Халықаралық жарыс аясында өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде атқарып жүрген әскери қызметшілерді Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков арнайы марапаттады.

     Бас қолбасшы халықаралық деңгейдегі іс-шара барысында ұландықтардың жоғары тәртібі, қырағылығы мен әскери антқа адалдығын атап өтті. Оның айтуынша, жауапты міндеттерді орындауға әскери қызметін жақында бастаған жас сарбаздар да тартылған. Олар әлемдік деңгейдегі ауқымды іс-шара кезінде мол тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.

     Сонымен қатар Бас қолбасшы марапаттың атқарылған қызметке берілген баға ғана емес, әскери борышқа адалдық пен мінсіз қызметке көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

     "Болашақ ойындары – 2026" 9 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметін күшейтілген режимде жалғастыра береді.