Бірінші сыныпқа баратын оқушылар жол ережесін іс жүзінде үйренді

Бірінші сыныпқа баратын оқушылар жол ережесін іс жүзінде үйренді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорданың Байқоңыр ауданында «Заң мен тәртіп» республикалық бастамасы аясында «Мектепке қауіпсіз жол» профилактикалық акциясы ұйымдастырылды. Аудандық әкімдік аппараты, әлеуметтік сала бөлімі және ювеналды полиция бірлесіп өткізген іс-шара №46 «Самал» санаторлық бөбекжай-балабақшасының аумағында өтті,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесудің басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балаларға көшеде қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын үйрету және ересек топ тәрбиеленушілерін мектеп өміріне дайындау.

Балаларға ережелерді барынша тиімді үйрету үшін балабақша аумағында арнайы имитациялық алаң жасалды. Онда қалалық инфрақұрылымның негізгі элементтері: жаяу жүргіншілер өткелі, жол белгілері мен бағдаршам орнатылып, ойыншық көліктер пайдаланылды. Ойын түрінде балалар жол ережелерін тез меңгеріп, жолдың жүріс бөлігінен өту кезінде қандай әрекет жасау керектігін тәжірибе жүзінде пысықтады.

Балалармен профилактикалық түсіндіру жұмысын Байқоңыр ауданы полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Нұргүл Қасымова жүргізді. Ол бүлдіршіндерге жол белгілері мен бағдаршам сигналдарының мағынасын түсіндіріп, жолға жүгіріп шығудың қаншалықты қауіпті екенін айтып, жүріс бөлігіне жақын жерде барынша мұқият болу қажеттігін еске салды.

Іс-шарада қыркүйек айында мектепалды және бірінші сыныпқа баратын 5-6 жастағы балаларды дайындауға ерекше көңіл бөлінді. Полиция қызметкерлері мен педагогтер баланың мектепке өздігінен баруы тәртіпті және жолдағы жағдайды дұрыс бағалай білуді талап ететінін атап өтті.
Теориялық бөлімнен кейін тәжірибелік сабаққа кезек келді. Полиция қызметкерлері мен тәрбиешілер арнайы алаңда балаларға реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелін қалай дұрыс пайдалану керектігін көрсетті. Кейін алған білімдерін шынайы жағдайда бекіту үшін балабақша маңындағы жаяу жүргіншілер өткеліне алып шықты. Әр бала дұрыс әрекет ету тәртібін өз бетінше пысықтады: алдымен тоқтау, жан-жағына қарау, қауіптің жоқ екеніне көз жеткізу және содан кейін ғана жолдан өту.

Өткізілген акция болашақ бірінші сынып оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл оларға мектептегі дербес әрі қауіпсіз өмірге алғашқы қадам жасауға көмектеседі.

#законипорядок #заңментәртіп