«Бірге оқиық»

«Бірге оқиық»
фото: Сұлтан Сейітов

Елордада ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Бірге оқиық» атты ауқымды әдеби шарасы өтті. Бас қала білім беру ұйымдары мұғалімдері мен оқушыларын, Астана кітапханалары оқырмандарын біріктірген жиын барысында ұлт ұстазының «Таза бұлақ», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл» шығармалары бір мезетте оқылды.

«Биыл ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы атап өтіліп жатыр. Ол бүкіл өмірін ағартушылыққа арнап, кітап оқуды, білім алуды насихаттады. Өзінің «Кел, балалар, оқылық» деген сөзі де баршаға белгілі. Мектеп ашып, қазақ балаларын, қазақ жастарын кітап оқуға шақырды. Сол сияқты осы жылы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Кітап оқу» марафоны да әсіресе, жастарды, мектеп оқушыларын кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға бағытталды. Қазіргі таңда оған еліміздің әр қаласы, әр ауданы, әр ауылы қатысып жатыр. Марафон 6 айға созылады. Осы уақыт ішінде кітап оқып, жаңа дағды қалыптастыруға мүмкіндіктер туады. Соған қолдау көрсетіп, қатысып жатқан әр қатысушыға алғысымызды айтамыз. Бұл марафонда жеңілгендер болмайды. Әр қатысушы өзіне пайдалы жаңа әдет алатын болады. Марафон аясында осындай әртүрлі іс-шаралардың өтуі және Ыбырай Алтынсаринге арналған жиындар кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға септеседі. Мемлекет басшысы зерделі ұлт болуымызға шақырды. Дамыған мемлекеттердің қатарына ену үшін әр азаматтың бойында кітап оқу дағдысы болуы керек. Көшбасшы мемлекеттердің қатарында болғымыз келсе, осыны қалыптастыру қажет» деді «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев.

«Бірге оқиық» әдеби шарасы аясында оқылған Ыбырай Алтынсариннің 3 туындысының да өзінің айтар ойы бар. Атап айтқанда, «Таза бұлақ» адамгершілік пен рухани тазалыққа, «Бай баласы мен жарлы баласы» тапқырлыққа, «Қыпшақ Сейітқұл» адал еңбек пен ұжымдық жауапкершілікке үндейді. «Кітап оқу» марафонына ұсынылған кітаптардың да тәрбиелік мәні зор.

Мәселен, іс-шараға қатысқан елорданың құрылыс-техникалық колледжінің студенті Нұрсәулет Төлеген марафон аясында әзірге 6 кітапты оқып бітіргенін, соның ішінде «Хатико» кітабынан адамның өзіне сенімді болу, сатқындыққа төтеп беру қабілеті зор екенін түйгенін айтты. Шара аясында кітап оқудың маңызы туралы да айтылып, марапаттау салтанаты ұйымдастырылды.

Аманғали Қалжанов