Біреудің телефонымен несие рәсімдеген

Біреудің телефонымен несие рәсімдеген
фото: fingramota.kz

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру дерегін ашып, қылмысқа қатысы бар 23 жастағы елорда тұрғынын анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тергеу барысында күдікті жәбірленушінің ұялы телефонының еркін қолжетімділікте болғанын пайдаланып, оның келісімінсіз Kaspi.kz мобильді қосымшасына кіргені анықталды. Кейін жәбірленушінің жеке деректерін пайдаланып, оның атына 1 млн 400 мың теңге көлемінде тауарлық несие рәсімдеген. Күдікті рәсімделген несие қаражатын өз мүддесіне жаратып, жәбірленушіге ірі көлемде материалдық шығын келтірген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Елордалық Полиция департаменті азаматтарды ұялы телефондарын бөгде адамдарға бермеуге, мобильді банкинг қосымшаларына биометриялық қорғаныс пен күрделі құпиясөз орнатуға шақырады. Қаржылық қосымшаларға заңсыз қол жеткізу салдарынан азаматтар қомақты материалдық шығынға ұшырауы мүмкін.