Баспаханада бапталған

Баспаханада бапталған

Еңбек жолы баспаханадан басталып, саналы ғұмырын ­газет ісіне арнаған астаналық ардагер, оператор-терімші, корректор Раушан Досхожина бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отыр. Жастайынан еңбекке араласып, қандай істі болса да ұқыпты атқара білген апайдың өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. «Өзі ізгі жан ізгілікті бағалар, Адамшылық ізгілікпен қаланар» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, көркем мінезімен айналасына мейірім мен жылу сыйлап, сабырлылығы мен адамгершілігінің арқасында әріптестерінің ғана емес, айналасындағылардың зор құрметіне бөленген жан – жергілікті ақын-жазушылар мен журналистердің жарық көрген көп шығармаларының алғашқы оқырманы.

Сиясы кеппеген дүниелердің басым бөлігі алдымен Раушан апайдың алдына келіп түсетін. Редакцияға келіп-кетер қаламгерлердің ол кісіні іздегені де сондықтан.

Ақмола қаласында ерте кезден-ақ ірге тепкен «қазақ ауылында» дүниеге келген алғыр да зейінді қыз сол тұстағы таза қазақ мектебінің табалдырығын аттайды. Есеп-қисаптан гөрі жазуға, көркем шығармаларды оқуға бейім боп бойжетеді. Сөйтіп үлкен өмірге жолдама алып, Целиноградтағы №6 техникалық училищені, артынша Куйбышев қаласында жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, туған елге оралады. Алғашқы еңбек жолын Ақмола облыстық атқару комитетінің баспаханасында бастағанымен, жұмысына тиянақты жас маман көп ұзамай облыстық партия комитетінің баспасөз органы – «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінің редакциясына ауысады. Осылайша, біз танитын Раушан Кеттебекқызының кәсіби жолы зейнетке шыққанға дейін баспасөзде өрбіді.

Тың өлкесінің орталығында ұлтымыздың үлесі азырақ болған 1970-1980-жылдары қазақ тілді сауатты терімші-­корректорлар да, ана тілінде жазатын тілшілер де қат болғаны жасырын емес. Дейтұрғанмен қазақылықтың қаймағын бұзбаған, үлкені ақылшы, кішісі қолғанат ұжым әр кез ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуді мұрат санады. Баспасөз саласының білгірлері, парасатты басшылар Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, замандас ағалары Бәдуан Имашев, Аманкелді Жұмабек, Жылқыбай Жағыпаров, Төлеген Ілдебаевпен қаншама жыл бірге еңбек етті. Сол кісілердің ойға оралған, кейін қағазға түскен дайын қолжазбаларын машинкада басады. Бір ғажабы, ол кезде көп адамның жазуы теп-тегіс әрі келісті, ал ойы шұрайлы һәм шексіз-тін. Газетке шығуы тиіс мақалаларға техникалық жағынан ғана емес, оқырман көзімен де қарай отырып, ара-арасында үйлеспей тұрған сөйлемдер мен мәтіндерді жөндеп жібереді.

Облыс орталығы Арқаның кербез сұлу Көкшетауына көшкендіктен, тиісінше, облыстық «Арқа ажары» газеті де сол жерден шығатын болды. Алайда Раушан апай кей әріптестері секілді отбасы жағдайымен Астана қаласында қаламын деп шешті. Көп ұзамай елорданың республикаға таралатын «Астана ақшамы» газетіне жұмысқа орналасып, киелі шаңырақта ұқыптылығымен, тиянақтылығымен ерекшеленді. Мағжан Садыханұлы, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Бауыржан Омарұлы, Талғат Батырхан, Ғалым Қожабеков, Ғалым Омархан, Ерболат Қамен сынды өз алдына бір-бір төбе болған басшылар мен орынбасарлардың жанашырлығы мен қамқорлығын көп көрді. Марғасқа тілшілермен де, білгір техқызметкерлермен де тонның ішкі бауындай араласты.

Баспаханада бапталып, ғұмырының мән-мағынаға толы жылдарын баспасөз саласына арнаған апайды сонау 1990-жылдардың басынан бері білемін. Содан бері, міне, қырық жылға да жылыстап барады. Қызметтес болған жылдарда ол кісінің жұмысына мығым, бөтен мінезінің, я болмаса теріс қылығының жоқ екенін байқадым. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбек еткенін бір топ ұжымдастары болып әлі күнге дейін айрықша бағалаймыз. Арамдықтан ада, ал достыққа берік болғаны, отбасы – ошақ қасын бәрінен биік қоя білетіні үшін ерекше құрмет тұтамыз.

– Адалдықты әке-шешемнен үйрендім. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы салаға 19 жасымда келіп, 59 жасымда еңбек кітапшасындағы бір ғана жазумен абыроймен зейнетке шыққаным Алла Тағаланың берген шексіз нығметі, асыл анамның тәрбие­сінің арқасы деп білемін. Ешқашан дүние қуған жоқпын, әсте бір байып кетуді мақсат тұтпадым. Қарапайым тіршілігіме іштей тәубе айтып, алдым­дағы бір үзім нанымды адал тапсам – соның өзі зор бақыт мен үшін. Негізі, үлкен аталарымыз Қожа руынан. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында ойын баласы болып асыр салып жүрсек те, ол кісілердің шаңырағымызға жиі келіп қымыз ішіп, өскенде еңбекқор, мейірімді, бірақ қарапайым болыңдар деп ақыл, ал кейде діни уағыз айтқаны, бата бергені есімде жақсы сақталыпты. Орта жасқа келіп қалған шағымда – 2006 жылы құшақ жая қарсы алған, «Арқа ажарынан» кейін екінші бір ыстық мекенге айналған «Астана ақшамы» – шын мәнінде, құт дарыған басылым. Зейнет жасындағы апа болсам да, қолыма тиген газет нөмірлерін шама-шарқынша оқып шығамын да, тілшілердің жазған тамаша дүниелеріне бәз-баяғыша тамсанып отырамын. Мәселен, жуырда ғана айқара беттерде жарық көрген «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің Aqsham Talks атты жаңа жобасында жалын атқан жап-жас жігіттердің айтқан ой-пікірлері, аспаннан екі «Жұлдыз» алып түскен ер қазақ Талғат Бигелдиновтен көзі тірісінде сұхбат алып үлгерген виртуоз журналист Раушан Төленқызының көлемді мақаласы қалың оқырманға баспасөздің жүгі әр кез ауыр екенін, оқитын ұлт шоғыры әрдайым бар болатынын аңғартты, – дейді сыртымыздан үнемі тілекші боп жүретін жанашыр жан.

Бір салада табан аудармастан 40 жыл еңбек етсе де, апайдың шаршадым, қажыдым дегенін көрген емеспіз. Керісінше, жастарды жігерлендіріп, арманын асқақтатып, қанаттандырып отыратын. Сол үшін редакцияның үлкені де, кішісі де ол кісіні ерекше жақсы көреді. Осы жылдар аралығында біраз бас редактормен қызметтес болып, олардың бірде-бірімен шәй деспей, қоян-қолтық жұмыс істеуі де сол қасиетінің арқасы болса керек.

Тағдыр жолықтырған асыл жары Зуфар ағамен бірге Айнұр, Роза есімді қызғалдақтай қыздарын өсіріп-жеткізіп, бүгінде абзал ата-әже атанып, жиендерінің қызығына кенеліп отырған апайға Жаратқанның берері таусылмасын, ортамызда есен-аман жүріңіз деп редакция қызметкерлері атынан ізгі ниетімді білдіре келе, мақаламды мерейтой иесіне бір кездері ақын ағасы Кәкімбек Салықов арнап жазған жыр шумақтарымен түйіндеуді жөн санадым:

Раушангүлдей Раушан қыз,

Болмас оған кім құрбан?!

Қауласа жұмыс мың бір жүз,

Сыр білдірмей тындырған.

Отырғаны тамаша,

Редакцияны құлпыртып.

Жарқ етіп бір қараса,

Жан баурайды ұмтылтып.

Қарақат көз, қыр мұрын,

Әсемдіктің төресі.

Тыңдай қалсаң бір сырын,

Көрінер биік өресі.

Әзіл-күлкі қысса да,

Өзгелер болып шала мас.

Мың жігіт кіріп шықса да,

Біреуіне қарамас.

Әдепті, көркем ғұрпы бай,

Жақсыға жаны тілеулес.

Көп жұмыстан, шіркін-ай,

Еш бір мүлтік жібермес.

Газетке асыл төкті тер,

Сүйсінтсе шабыт жетегі.

Көрініп тұр-ау текті жер,

Қожаның қызы екені.