Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, қаза болған сарбаздарымыздың рухына құран бағыштады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас мүфти қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына, отбасы мүшелері мен жақындарына ҚМДБ және елдегі барша дін қызметкерлері атынан көңіл айтты.
«Күні кеше Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу жиынында сарбаздарымыздың қаза болуы – баршамыз үшін ауыр қайғы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бүгінгі күнді Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қаза болған сарбаздардың ата-аналарына, отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Уағыз барысында Бас мүфти Құранның «Бақара» сүресіндегі 155–156-аяттарды оқып, қайғы-қасіретке сабыр етуге үндеді.

«Отан қорғау жолында, ел алдындағы міндетін адал атқарып жүріп қаза тапқан бауырларымыздың артында қалған ата-аналарына, жарлары мен перзенттеріне, туған-туыстарына Алла Тағала таудай төзім, көркем сабыр нәсіп етсін. Ел тыныштығы мен жер амандығы жолында қызмет еткен азаматтарымыздың ерлігі мен жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталсын», - деді Бас мүфти.
Бас мүфти дұғасында марқұмдардың күнәларының кешірілуін, жандары жәннатта болуын және қара жамылған отбасыларына жүрек тыныштығы мен медет берілуін тіледі. Сондай-ақ елімізді түрлі апаттар мен қауіп-қатерден қорғап, халқымызға бейбітшілік пен береке нәсіп етуін сұрады.
Еске салсақ, Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтармайтынын атап өтті