Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Жаңа оқу жылы басталғанша, оқушының оқу құралдары түгенделгенше ата-анадан бастап көпшілік әбігерге түседі. Науқан кезінде саудагерлер де затын пұлдап, көбірек табыс табуға тырысады. Осындай мәселелердің алдын алу үшін арнайы «Мектепке дайындық» жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Ал қайсысы тиімді екенін әркім өзі шешері анық.

Астана қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен барлық ауданда 1-31 тамыз аралығында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда елорда тұрғындары жаңа оқу жылына қажетті тауарлар мен мектепке керек-жарағын қолжетімді бағада сатып ала алады. Сау­да орындарына 200-ден 400-ге де­йін адам келіп, кеңсе тауарын, мектепке қажетті керек-жарағын сатып алыпты. Жәрмеңкелер әр демалыс сайын өтеді.

– Біз тұрақты түрде мектепке қажетті құрал-жабдықтың барлық түрін әкеліп сатуды көздедік. Өйткені қара базарға қарағанда мұндай жәрмеңкелерде сату тиімдірек. Себебі халық жапатармағай келіп дәптер, қалам, бояғыш, өшіргіш, сөмке алады. Кей отбасының 4-5 баласы бар. Олар 50-60 дәптер, 10-12 қалам сияқты заттарды бір-ақ алады. Бізге заттар көбіне Қытай мен Ресейден келеді. Науқан басталардың алдында Қорғасқа барып, көтерме саудамен әкеліп қоямыз. Жылда барып жүрген соң, сауданың ыңға­йын білеміз. Арзан бере алмаймыз. Біздің де жол, басқа да төлем шығынымыз бар. Біз де бала-шаға бағып, күннің ыстық-суығына қарамай саудада тұрамыз, – дейді саудагер Ерден ­Жоламанов.

Елорда тұрғыны, көпбалалы ана Айна Акбар мектеп жәрмеңкесіне әдейілеп баруды дағдыға айналдырған. Ол базарға қарағанда мұндай жәр­меңкелердің тиімділігі бар деп отыр.

– Жаңа оқу жылы басталған са­йын әр ата-ана әбігерге түсетін шығар. Астанада өмір сүру оңай емес. Мегаполис болған соң, нарықтың өзіндік талабы бар. Бір күн жұмыс істемей қалсаңыз, аш қалуыңыз мүмкін. Сондықтан күйеуім екі-үш жұмысты қатар атқарады. Төрт баламыз бар. Соның үшеуі мектепке барады. Қазіргі балалар да көрінген жерден киініп, бірінің затын екіншісі қолданбайды. Қанша жерден жәрмеңке, акция болса да, ешкім өз саудасын жерге ұрып, тым арзанға бермейді. Оқу құралдарының өзіне 200-300 мың теңге жұмсаймыз. Ал нағыз мұқтаж отбасылар назардан тыс қалмаса екен, – деді көпбалалы ана.

Ашық дереккөздерге зер салсақ, Қазақстандағы оқу құралдарының негізгі бөлігі импорт арқылы келеді. Қытайдан дәптер, қалам, қарындаш, сызғыш, пенал, мектеп сөмкесі және басқа кеңсе тауарлары жеткізіледі. Ресейден қағаз өнімдері, кеңсе тауарлары, бояулар және мектепке қажетті кейбір өнімдер кіреді. Түркиядан қағаз, кеңсе және мектеп тауарларының бір бөлігі импортталады. Өзбекстаннан дәптер, қағаз және басқа да жеңіл өнеркәсіп өнімдері келеді. Оңтүстік Корея, Германия және басқа елдер көбіне арнайы кеңсе, оқу тауарларының жекелеген түрлерін жеткізеді.

Бұл арада белгілі экономист Ерсұлтан Ақылбайұлының пікірін білген едік. Қаржы сарапшысының пайымынша, мектепке қажетті оқу құралдары бір реттік акция негізінде қалып қалмауы тиіс.

– Мектепке керек-жарақтың бәрі әлеуметтік бағыт деп танылуы керек. Мәселен, Қытайда 19-20 миллионға жуық бала мектепке барады. Оларда оқуға қажетті заттар алуда проблема туындамайды. Өйткені өздерінде өндіріс көп. Қарапай тілмен айтқанда, 50-70 теңге тұратын дәптер 30-35 теңге, қалам 40 теңгеден сатылып келсе, 25 теңгеге дейін арзандауы ықтимал. Біз де оқушыларға қажетті қағаз, қалам, сөмке сияқты заттарды көбірек өндірсек, осы бағыттағы кәсіпкерлікке қолдау, субсидия мол бөлінсе, дәл мұндай мәселе туындамайды, – дейді қаржы сарапшысы.

Тоқетері, мектепте қажетті құрал-­жабдықтарға байланысты жәрмеңке болғаны жақсы. Дейтұрғанмен науқан кезінде ғана дүрілдеп, кейін бәсеңдеп, қалған уақытта қымбаттап кеткені жұрттың қалтасына ауыр тие­ді. Сондықтан бұл салада кәсіпкерлік ­жанданып, баға тұрақтанып, халық ­әркез тиімді бағамен тұтынса нұр ­үстіне нұр.