Балаларға онкологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды

Балаларға онкологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды

Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша бүгін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының базасында онкологиялық аурулармен ауыратын балалардың ата-аналарын біріктіретін «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қорымен кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кеңестің жұмысына Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «СҚ-Фармация», Ұлттық электрондық денсаулық сақтау орталығы, Астана қаласының және барлық өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, балалар онкологиясы мен гематологиясы саласындағы жетекші мамандар және ата-аналар қауымдастығының қоғамдық ұйымдары қатысты.

Кездесудің мақсаты – онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға медициналық көмек көрсету мәселелерін талқылау, сондай-ақ оның қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарастыру.

Кеңестің барысында келесі мәселелер көтерілді:

• дәрілік препараттармен қамтамасыз ету;
• онкологиялық ауруларды еңсерген балаларға мүгедектік мерзімін және әлеуметтік жеңілдіктерді ұзарту;
• медициналық және психологиялық оңалтудың сатыларын ұйымдастыру, оның ішінде санаторийлік-курорттық емделу;
• емдеу клиникалық хаттамаларын халықаралық стандарттарға сай жаңарту;
• ата-аналарға шұғыл медициналық көмек көрсету және өңірлерде балалар онкологтарының қабылдауына қолжетімділікті арттыру.

Кездесуде ел ішінде және шетелде емдеуді ұйымдастыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, карт-хабарлама мен препараттардың жеке төзімсіздігі, оңалту және санаторийлік емдеу мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.

Ата-аналармен ашық диалог – ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға медициналық көмек көрсетуді жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.