Астанада пневмониямен 192 бала ауруханада ем алып жатыр

Астанада пневмониямен 192 бала ауруханада ем алып жатыр
Мухтор Холдорбеков / kaz.inform.kz/news/astanada-pnevmoniyamen-192-bala-auruhanada-em-alip-zhatir-fd50c695

Астана стационарларында пневмония диагнозымен 270 адам ем алып жатыр. Оның 192-сі — бала, біреуі — жүкті әйел, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл туралы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Ашимханов елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалада ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық әрі зертханалық бақылау 8 медициналық ұйымда жүргізіледі. Тұмауға ұқсас белгілері бар науқастардан сынама алынып, вирус анықталған үлгілерге қосымша генетикалық зерттеу жүргізіледі.

— Маусымдық сырқаттану көбейген кезде тұрғындарға медициналық көмекті дер кезінде көрсету үшін қалада 87 сүзгі кабинеті жұмыс істейді. Олар жұмыс күндері сағат 08:00–ден 20:00–ге дейін, демалыс және мереке күндері 08:00–ден 18:00–ге дейін қабылдайды, — деді Айдын Ашимханов.

Спикердің сөзінше, қажет болған жағдайда стационарларда қосымша төсек орындары ашылып, қолданыстағы төсек қоры науқастар санына қарай қайта бейімделеді.

— Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалар жұмыс істейді. Жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балалардан түскен шақыртуларға бірінші кезекте қызмет көрсетіледі, — деді ол.

Айдын Ашимхановтың айтуынша, медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен және жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ сырқаттану деңгейі, емханалар мен стационарларға түсетін жүктеме және жедел жәрдемге түсетін шақыртулар күн сайын бақыланады. Қажет болған жағдайда осы мәліметтер негізінде пациенттер ағыны қайта бөлінеді.