Жаңа оқу жылы қарсаңында Астанада балалардың жолдағы қауіпсіздігіне арналған акция өтті. Оны Ішкі істер министрлігі, Sergek Group және Vision Zero Community қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акция барысында полиция қызметкерлері балалардың жол қозғалысы ережелерін қаншалықты білетінін сұрап, дұрыс жауап бергендерге жарық шағылыстыратын таспалар сыйлады. Мұндай қарапайым құрал баланың қараңғыда жүргізушіге анық көрінуіне көмектеседі. Сондай-ақ, балаларға өзге де естелік сыйлықтар табысталды.
Акцияның өткізілуіне жаңа оқу жылының басталуы ғана себеп емес. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері елімізде балалардың қатысуымен 5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6%-ға аз. Дегенмен осы жол апаттарында 7 мыңнан астам бала зардап шегіп, 160-тан астамы қаза тапқан.
«Жаңа оқу жылы басталар алдында алдын алу жұмыстарын күшейтеміз. Бала жол ережесін жаттап қана қоймай, оны күнделікті өмірде қалай қолдану керегін түсінуі маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты ережені құрметтеуден басталады. Сондықтан бұл дағдыны бала кезден қалыптастырып, жолдағы қауіпсіздікті бірге қамтамасыз етуіміз керек», -деді Қазақстан Республикасы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Ким технологияның мүмкіндігі адам жауапкершілігін алмастыра алмайтынын атап өтті:
«Технология жолдағы жағдайды бақылауға, қауіпті сәттерді анықтауға көмектеседі. Бірақ рөлдегі адам үшін шешімді ешқандай жүйе қабылдамайды. Сондықтан технология мен алдын алу жұмыстары қатар жүруі керек. Біз мемлекетпен және қоғамдық ұйымдармен бірге әр баланың мектепке барар жолы қауіпсіз болуы үшін жұмыс істейміз», - деді ол.
Урбанист әрі Vision Zero Community қоғамдық қорының жетекшісі Ерқанат Зайытов балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің әрекетіне байланысты екенін айтты:
«Жарық шағылыстыратын білезік пен жол ережесін білу маңызды. Бірақ баланың аты бала: ол бір сәтке алаңдап, ойнап кетуі немесе ережені ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан қауіпсіздікке қатысты жауапкершілікті баланың өзіне артуға болмайды. Жүргізушілер жылдамдықты сақтап, жолда ерекше мұқият болуы керек. Ал қалалық орта қауіпті әрекеттерге жол бермейтіндей ұйымдастырылуы тиіс. Vision Zero қағидатының мәні де осы: адамның бір қателігі қайғылы жағдайға әкелмеуі керек. Балалар кінәлі емес, олардың қауіпсіздігіне ересектер жауапты», - деді спикер.
Акцияны ұйымдастырушылар жаңа оқу жылы басталған кезде мектептер мен балалар алаңдарының маңында ерекше мұқият болуға шақырады.