Бала тұлға болып қалай қалыптасады?

Бала тұлға болып қалай қалыптасады?
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Балам тұлға болсын десеңіз...» тақырыбында «Әке мен бала» клубының кезекті отырысы өтті. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының маңызын көрсету, әке мен бала арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткен жиынға «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшылығы, аталмыш клуб мүшелері, ата-аналар және елордадағы С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясы мен К.Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылары қатысты.   

Іс-шара барысында әкенің өнегесі, өмірлік ұстанымы, айтқан ақылы мен балаға бөлген уақыты – оның болашақ болмысына ықпал ететін маңызды құндылықтар, ал бала тәрбиесі – отбасы мен қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екені айтылды. Әке мен бала арасындағы жылы қарым-қатынас, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік, балаға үлгі болудың маңызы туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Кітап оқу арқылы ата-ана мен баланың рухани жақындасуы, бірге кітап оқуды отбасылық дәстүрге айналдырудың маңызы сөз болды.

Жиынды жүргізген журналист Ернат Рахметолла Мемлекет басшысының бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталғанын айта келе, бұл жоба жеті бағыт бойынша өтіп жатқанын, өзі отбасымен «Кітап оқитын әулет» бағытына қатысып жатқанын, бұл бағытта оқуға  ұсынылған 15 кітаптың бірі Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдіктің «Әке» кітабы барын жеткізді. Оқушыларды еркін әңгімеге тартып, тұлға ұғымын қалай түсінетінін сұрады.  

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Аймағанбет бұл ұйымның құрылғандағы басты мақсаты бала тәрбиесіне көңіл бөлу екенін жеткізе келе, соның бір бағыты кітап оқуға баулу болып отырғанын айтып өтті. Осы бағытта атқарылған жұмыстармен таныстырды. Аталмыш ұйым мен Ұлттық академиялық кітапхана бірлесіп өткізген іс-шараларға, баспалармен жұмыстың жайына тоқталды.

«Бірнеше жыл бұрын елімізде Балалар әдебиеті жылы болды. Сол кезде балаларға арналған кітаптар аз екенін, әсіресе қазақ тіліндегі кітаптар жоқтың қасы екенін байқадық. Осы мәселе бойынша жұмыс істедік. Соның ішінде «Хатико» сияқты кітаптардың қазақ тіліне аударылуына атсалыстық. Екі жыл бұрын «Заманмен санасқан 30 әкенін хикаясы» атты кітап шығардық. Оның авторы – Бақытжан Бұқарбай. Мен өзім кішкентайымнан «Балдырған» журналын оқып өстім. Оған жазған шығармаларымды жіберіп, хат жазатынмын. Осындай «Балдырған», «Айгөлек», «Ақ желкен» секілді балалар журналдарына, жасөспірімдерге арналған басылымдарға көңіл бөлу керек» деген Мақсұтбек Аймағанбет қазіргі гаджеттер заманында кітап оқудың маңызына тоқталды.

Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов өнер әлеміне қалай келгенін әңгімеледі.

«Кітап оқығанда адамның қиялы дамиды, ұшқыр болады. Жалпы қиял деген шексіз ғой. Қиялы мықты адам жаңалықтар ашады, ойлау жүйесі еркін болады және қиыншылыққа берілмейді. Меніңше, кітаптың үлкен пайдасының бірі – қиялды шарықтату. Ең бастысы, өзіне ұнайтын жанрды табу» деді актер.

Аманғали Қалжанов