Әзербайжан астанасы Бакуде халықаралық турнирде ел намысын қорғап жүрген Астана қаласының гандболдан әйелдер құрамасы Қазақстан Республикасы Құрылтай сайлауына қатысып, таңдауын жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
19–25 тамыз аралығында Баку қаласында әйелдер командалары арасында халықаралық гандбол турнирі өтуде. Жарыстың тығыз кестесіне қарамастан, елордалық команда мүшелері Бакудегі №426 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Қазіргі таңда Астана қаласының әйелдер құрамасы халықаралық додада жоғары нәтиже көрсету үшін бақ сынап жатыр. Команданы гандболдан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Диас Ақмұрзаев бастап барды.

Аға жаттықтырушының айтуынша, шетелде жарыста жүрген спортшылар үшін ел намысын спорт алаңында қорғаумен қатар, азаматтық жауапкершілігін таныту да маңызды.
«Еліміздің болашағы — әрқайсымыздың таңдауымыздан басталады. Бүгін халықаралық турнирге қатысып жүргенімізге қарамастан, азаматтық борышымызды орындап, өз таңдауымызды жасадық. Спортта ел намысын қорғау қаншалықты маңызды болса, ел өміріне белсенді араласу да соншалықты маңызды деп ойлаймын. Баршаңызды өз таңдауыңызды жасауға шақырамын», — деді Диас Ақмұрзаев.
Елден тыс жерде жүрсе де, маңызды саяси науқаннан шет қалмаған елордалық гандболшылар осылайша бір команда болып дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін көрсетті.