2026 жылдың маусым айындағы инфляция қорытындылары, азық-түлік тауарлары бағасының өзгерісі және бағаны тұрақтандыруға бағытталған қосымша іс-шаралар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың маусымында жылдық инфляция 10,3%-ды құрап, мамыр айындағы 10,4%-дан төмендеді. Сонымен қатар азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі сақталып отыр. Жылдық көрсеткіш мамырдағы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеді. Ал азық-түлік тауарлары бағасының айлық өсімі 0,6%-ды құрап, өткен жылдың маусымындағы деңгейден (0,9%) едәуір төмен болды.
Кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының өзгерісіне ерекше назар аударылды. Маусым айының қорытындысы бойынша ӘМАТ бағасының индексі 0,4%-ды құрады. Индекстің қалыптасуына негізінен жеміс-көкөніс өнімдері әсер етті. Бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие және жаңа өнімнің ерте пісетін жеміс-көкөністерінің нарыққа шығуымен, сондай-ақ маусымаралық кезеңде реттелмейтін нарық сегментіндегі жекелеген тауарлар бойынша импортқа тәуелділікпен байланысты болды.
Шілде айының басынан бастап жеміс-көкөніс өнімдері бойынша баға тұрақты. Соның нәтижесінде бұл санат ағымдағы айдағы ӘМАТ бағасы индексінің төмендеуіне ықпал етуде. Шілде айының басынан бері ӘМАТ бағасының индексі 0,1%-ға төмендеді. Алғашқы екі аптада қияр бағасы 14,5%-ға, қызанақ 12,3%-ға, сәбіз 2,0%-ға, алма 0,2%-ға арзандады. Маусым айында қой еті бағасының өсуі тек Жетісу, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында ғана тіркелді. Бұған сыртқы сұраныстың жоғары болуы да әсер етуде. Биылғы алғашқы бес айда қой еті экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық артып, 10,6 мың тоннаны құрады.
Сонымен қатар жылқы еті бойынша экспорт әлеуеті жоғары деңгейде сақталуда. Қаңтар-мамыр айларында 113 тонна жылқы еті экспортталды. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы жалпы экспорт көлемімен шамалас. Бұл ретте экспорт саясаты ішкі нарықты қамтамасыз етуге кері әсерін тигізбейді. Үкімет қарастырып отырған импорттық ет өнімдерін тарту шаралары тек қайта өңдеу кәсіпорындары мен HoReCa секторының қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Бұл ішкі тұтыну үшін отандық өнімнің қосымша көлемін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
8 шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жыл басынан бергі өсімі 1,9%-ды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда баға өсімінің қарқыны төрт еседен астам баяулап, 7,6%-дан 1,9%-ға дейін төмендеді. Қол жеткізілген оң үрдісті сақтау мақсатында Үкімет ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кірмейтін көкөністер мен жемістерді импорттау үшін «жасыл дәліз» тетігін кеңейту мәселесі пысықталуда. Бұл іс-шаралар ішкі нарықтағы өнім ұсынысын арттыруға және азық-түлік инфляциясын одан әрі тежеуге бағытталған.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Жаз мезгілі отандық жеміс-көкөніс өнімдерін өткізудің ең белсенді кезеңі болғандықтан, өңірлерге осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету тапсырылды.
Бағаны тұрақтандырудың маңызды тетіктерінің бірі – әлеуметтік нан өндіруге арналған арзандатылған астықпен өңірлерді қамтамасыз ету. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тапсырмасына сәйкес, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы астық жеткізу тетігі іске асып жатыр. Бағдарламаны жүзеге асыруға 1 млрд теңге бөлінді. Өңірлердің бастапқы қажеттілігі 100 мың тонна арзандатылған астықты құрады. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана қаласы тиісті келісімшарттарға қол қойды. Маңғыстау облысында келісімшартқа қол қою рәсімі аяқталуға жақын.