Ахаңа тағзым ететін күн

Ахаңа тағзым ететін күн
фото: Астана қаласының әкімдігі

Бұл күн - қазақ руханиятындағы таңдаулы күндердің бірі. Себебі ол Ахмет Байтұрсыновтың есімімен байланысты. Ахаңдай телегей теңіз тұлға тілдің ғана емес 20-ғасырдың басындағы мемлекеттілігіміздің қалыптасуына үлес қосты. 

Ахаң бізге екі үлкен қаруды ұстатты. Біріншісі, тіл қаруы. Біз жазып үйреніп, ойымызды қағазға түсірдік. Әліпби түзудің ғылыми қағидаттары, дыбыстардың саны, жіктелуі, грамматикасы оның есімімен байланысты. Бұл оның бүкіл ұлтқа қалдырған жазу құралы. 

Екіншісі, ой қаруы. Біз жазу арқылы ойымызды қағазға түсіріп, роман, ғылыми монография, мақала жаза бастадық.  Сондықтан бүгін - тұтас ұлтқа қос мәдени қаруды берген, өркениет қаруын қалдырған абыз бабамыздың туған күні. Біле білген адамға бұл - ойланатын күн, Ахаңа тағзым ететін күн, болашағымызға қам жасайтын күн. Оның сөздері қазаққа ой салатын, сана-сезімімізге қамшы болатын күшке ие. Біз оған жақындаған сайын, оны тереңдеп білген сайын өзімізді ұлт ретінде жақсы сезіне түсеміз. Парасаттылық тұрғысынан азаматтық сана сезімімізді бізге сезінуге үлкен қуат беретін осы Ахмет Байтұрсынов сияқты тұлғалар. Сол себепті бұл күн осынысымен қымбат деп ойлаймын. 

Ербол Тілешов,

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 

ҚР Тіл саясаты комитетінің төрағасы