Аудан шекаралары өзгереді

Аудан шекаралары өзгереді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Кеше Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркеновтің қатысуымен өткен сессияның күн тәртібіне елорданың дамуына қатысты 15 мәселе енгізілді.

Депутаттар тұрғылықты жері жә­не уақытша болатын жері бойынша тіркеу нормативін бір адамға кемінде 15 шаршы метр пайдалы алаң көлемінде қайта бекітті. Бұл талап отбасы мүшелері мен жақын туыс­тарына қолданылмайды. Сондай-ақ мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті алып қоюға байланысты шарттардың жобалары келісілді.

Маңызды шешімдердің бірі – 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту. Құжат атмосферадағы ауаны жақсарту, су нысандары мен экожүйелерді қорғау, елорданың жасыл белдеуін дамыту және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру шараларын қамтиды.

Сонымен қатар елорда аудандарының шекараларына өзгерістер енгізілді. Сарыарқа ауданының аумағы Нұра ауданының есебінен 369 гектарға, ал Байқоңыр ауданының аумағы Алматы ауданының есебінен 61 гектарға ұлғайды.

Бұдан бөлек, Астананың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа нормалар автомобиль жолдарының бойындағы нысандарға қойылатын қосымша талаптарды және инфрақұрылымы жеткіліксіз аумақтарда 2035 жылға дейін жекелеген нысандардың құрылысына шектеулерді қарастырады.