Жұмысшы мамандықтарының ішінде өте сирек кездесетін кәсіптің бірі - локомотив шаруашылығындағы таспа талдаушы қызметі. Осы ерекше мамандықты меңгерген Әсем Тілебалдина Астана локомотив пайдалану депосында аға таспа талдау инженері болып үш жылдан бері еңбек етеді.
14 жылдық тәжірибесі бар теміржолшы қыз осы жұмысы арқылы локомотив бригадаларының әр сапардағы жұмысын бағалауға, сол арқылы пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
-Менің міндеттеріме КЛУБ, БОРТ деп аталатын қауіпсіздік құралдарының, жылдамдық өлшегіш таспалардың жұмыс принципін білу, сапалы таспа талдау, сонымен қатар пойызды жүргізу, тежегіштерді басқару, тіркеу кассеталарына және жылдамдық өлшегіш таспаларға жазылған барлық параметрлерді тіркеу және олардың пайда болу себептерін анықтау, жылдамдық өлшегіш пен оның жетегі, ALSN және тежегіштердің жұмысын білу жатады. Жылдамдық өлшегіш таспаларды талдау кезінде инженер белгіленген нысандағы журналдарда барлық анықталған бұзушылықтарды, кіру және өту бағдаршамдарындағы кідірісті, жылдамдық өлшегіштердің, машинист пен крандардың бүкіл ақауын және уақытша өшіп қалуын, пойыз қандай сигналға және тежегіш жолының жағдайына сүйене отырып шұғыл тежеу бергенін жазады. Ай сайын жол бойында бұзушылықтарға жол берген машинистердің аты-жөнін арнайы экранда көрсете отырып, анықталған бұзушылықтардың көшірмелерін, учаскенің бейне жазбасын, бұзушылықтың сипатын және қабылданған шараларды іліп қою керек. Бұл жұмыс локомотив бригадаларына болған жайтты уақытылы жеткізуге, профилактикалық жұмыстарды жүргізуге және осындай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді. Айналып келгенде мұның бәрі мыңдаған тонна жүктер мен мыңдаған жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі деңгейін арттыруға тікелей ықпалын тигізеді, - дейді таспа талдаушы өз жұмысын түсіндіріп.

Осындай маңызды міндеттер жүктелген маманға жұмысында аса мұқият, принципшіл және объективті болу керек. Өйткені локомотив бригадаларының тәртібі ғана емес, адамдардың қауіпсіздігі де сапалы таспа талдау мен бұзушылықты ертерек анықтауға тікелей байланысты. Аса жауапты маман Әсем теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда өзінің кәсіби тәжірибесі мен біліміне сенеді.
-Жылдамдықты өлшейтін таспаларды талдауға арналған монограммасы бар арнайы стендте станциялар, 4 бағыттағы, яғни Астана-Есіл, Астана-Қарағанды, Астана-Павлодар, Астана-Көкшетау бағытындағы учаскелердің өткелдері көрсетілген. Машинистердің әр сапары бойынша таспа талдауы локомотив бригадасының жұмысын мұқият, жауапкершілікпен және терең түсінуді қажет етеді. Маған, әсіресе, жұмысым арқылы сапардың барлық барысын көріп, машинистің іс-әрекеті белгіленген талаптарға қаншалықты сәйкес келетіндігін анықтаған ұнайды. Таспа талдау жоғары зейінді, табандылықты, жауапкершілікті және аналитикалық ойлауды қажет етеді. Кейде сізге ұзақ уақыт бойы көп ақпаратпен жұмыс істеу керек болады, әр жазбаны оқып шығып, көптеген параметрлерді салыстырасыз, сондықтан шыдамдылық пен ұсақ-түйекке мұқият болу маңызды. Бұл жұмыста соған қоса машинист жұмысының ерекшелігін түсіну, құралдардың көрсеткіштерін, сигналдарды және нормативтік құжаттардың талаптарын түсіну қажет, - дейді Әсем.

Абай облысында көп балалы отбасында дүниеге келген Әсем Амангелдіқызы байланыс электрмонтері мамандығы бойынша колледж және университетте білім алған. Еңбек жолын 2012 жылы теміржолда Орталықтандыру сигнализациясының электромонтері қызметінен бастады. Осы саладағы жұмыс ол үшін кәсіби деңгейде қалыптасудың алғашқы маңызды кезеңі болды және қажетті білім мен дағдыны меңгеруге мүмкіндік берді. Елордаға 2023 жылы көшіп келіп, содан бері қазіргі жұмысын Астана депосында абыроймен атқарып келеді.
Райхан Рахметова