ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция аясында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғырту» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған шара Мемлекет басшысының ҚР Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінің жаңа редакцияларын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы реформалаудың тұжырымдамалық тәсілдерін кеңінен талқылау, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың, сондай-ақ құқық қолдану практикасы өкілдерінің идеялары мен ұсыныстарын жинақтау.
Соның ішінде жаңа Конституция ережелерін іске асыруға, қылмыстық саясат пен қылмыстық сот ісін жүргізудің адамға бағдарланған моделін қалыптастыруға ерекше назар аударылып, оның негізінде адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы қарастырылды.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, сот және құқық қорғау жүйелерінің өкілдері, ғылыми қоғамдастық, адвокатура және сарапшылар қатысты.
Іс-шара аясында пленарлық отырыс және Сот төрелігі академиясы мен Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы алаңдарында тақырыптық секциялар жұмысы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар тақырыптық секциялар барысында қатысушылар қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің мәселелерін, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімін құру және қолдану мәселелерін, қылмыстық теріс қылықтар институтын дамыту перспективаларын, қылмыстық жазалар жүйесін жаңғыртуды, қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын жетілдіруді, сондай-ақ қылмыстылықтың цифрлық трансформациясына қатысты мәселелерді талқылады.
Қылмыстық-процестік заңнама бөлігінде қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыру және тергеушінің процестік дербестігін қамтамасыз ету, қылмыстық сот ісін жүргізудің құқықтық айқындылығы мен болжамдылығын арттыру, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаудың тәртібін оңтайландыру және жетілдіру, қалпына келтіруші сот төрелігін дамыту, сондай-ақ сот талқылауының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Конференция қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінің жаңа редакцияларының жобаларын дайындау жөніндегі алдағы жұмыста пайдаланылатын болады.
