Астанада гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік халықаралық акция аясында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам: алдын алу, қауіпсіздік және ортақ жауапкершілік» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Tatulyq.KZ жобасы аясында ұйымдастырылған басқосу Тұран-Астана университетінде өтіп, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастар арасында қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және «Серпін» әлеуметтік даму ұлттық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға жастар, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділері қатысып, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызы жөнінде пікір алмасты.

Жиынның негізгі мақсаты – қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу мәдениетін қалыптастыру, жастардың отбасылық жауапкершілігін арттыру және балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта құру. Семинардың ашылуында сөз сөйлеген Тұран-Астана университетінің бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Айтжан Абдыров отбасындағы тәрбие мен ұлттық құндылықтардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
«Біз бұл іс-шараны жастарға қауіпсіз қоғам құрудың маңызын түсіндіру, сол ортақ мақсатқа жетудің жолдарын талқылау үшін ұйымдастырып отырмыз. Басқосудың басты мәні – отбасын сақтау, отбасындағы ізгілік пен өзара жауапкершілікті күшейту. Қазақ халқы “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деп бекер айтпаған. Бала ең алдымен отбасынан тәрбие алады, үлкендердің қарым-қатынасынан үлгі көреді. Сондықтан отбасылық және ұлттық құндылықтарды нығайту, сыйластық пен жауапкершілікті ұрпақ санасына сіңіру – баршамызға ортақ міндет», – деді ол.

Семинар барысында Халық Кеңесінің мүшесі, Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Мұрат Әбенов, Республикалық Әкелер одағы төрағасының орынбасары, Астана қаласындағы филиалының жетекшісі Бекдайыр Күзембай және педагог-психолог, PhD, отбасылық қарым-қатынас тренері, «Сен қалаған әке» кітабының авторы Баян Бекетай баяндама жасады.
Шапағат ӘБДІР