Қоғамдық аумақтардың ластануына жол бермейді

Қоғамдық аумақтардың ластануына жол бермейді
фото: polisia.kz

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында елорда полициясы абаттандыру қағидаларын, аумақтардың санитарлық жағдайын сақтау және экологиялық талаптарды бұзу деректерін анықтау әрі жолын кесу бағытында тұрақты түрде іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері түрлі құқық бұзушылықтар, оның ішінде қоқысты заңсыз тастау және қоғамдық орындарды ластау деректері бойынша 42 мыңнан астам адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Мәселен, полиция қызметкерлері елордадағы тұрғын үйлерді басқарумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бірінің аумақты тиісінше күтіп ұстамау дерегін анықтады. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы қоқыс контейнерлерінің жанына құрылыс қалдықтары үйіліп, соның салдарынан аула аумағы ластанып, абаттандыру қағидалары бұзылған.

Аталған дерек бойынша әкімшілік заңнама аясында тиісті шаралар қабылданды. Полиция қала тазалығын сақтау тек тұрғындардың ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлерді басқаратын және қоғамдық аумақтарға қызмет көрсететін ұйымдардың да міндеті екенін еске салады. Құрылыс қалдықтары белгіленген тәртіппен шығарылуы тиіс. Оларды тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлердің жанына жинауға жол берілмейді.

Елорда тазалығы – әр азаматтың жауапкершілігінен басталады! Полиция тұрғындарды, кәсіпкерлер мен қызмет көрсетуші ұйымдарды қала ортасына ұқыпты қарауға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады.