Астанада жалған чекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түсті

Астанада жалған чекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түсті
фото: ҚР ІІМ

Елордада жалған төлем чегін көрсетіп, базардағы сатушыларды алдап жүрген 34 жастағы тұрғынның заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

     Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сауда орындарын әдейі аралап, өзін қарапайым сатып алушы ретінде таныстырған. Көкөніс пен жеміс-жидек таңдаған соң, ақшаны мобильді қосымша арқылы аударғандай кейіп танытып, қолдан жасалған төлем чегін көрсеткен. Ақша шотқа түсті деп сенген сатушылар тауарды күдіктіге өз қолдарымен берген.

     Бұл – оның алғашқы алаяқтығы емес. Күдікті бұған дейін де дәл осындай айламен бірнеше саудагерді алдағаны анықталды. Қазіргі уақытта оның өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

     Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

     Полиция саудагерлер мен кәсіпкерлерге төлемнің нақты банк шотына түскеніне көз жеткізбейінше, тауарды сатып алушыға бермеуге кеңес береді.