Астанада «Жастар» сарайында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға сала мамандары, ардагерлер мен қызмет өкілдері қатысып, еңбектері мен атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы атап өтілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиын барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Серікұлы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың халықтың денсаулығын қорғаудағы еңбегіне тоқталды.

«Халық денсаулығы – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Осы бағытта санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының атқарып отырған жұмысы ерекше маңызды. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аурулардың алдын алуға және санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Сондықтан қашанда сіздердің еңбектеріңіз еленуге тиіс», – деді Ерік Мейірханов.

Сондай-ақ іс-шарада сала мамандары сөз сөйлеп, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қазіргі міндеттері мен қоғамдағы маңызы туралы пікірлерін білдірді.
Сала өкілдері өз сөздерінде профилактикалық жұмыстардың маңызына ерекше тоқталды. Өйткені кез келген аурудың алдын алу, халыққа санитариялық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қауіптің алдын ала анықталуы – қоғамдық денсаулықты сақтаудың негізгі тетіктерінің бірі.

Сондай- ақ, салтанатты жиында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарап жүрген бірқатар маман Астана қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен марапатталды. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.