Астанада «Жауапты әке – тұрақты қоғамның тірегі» атты қалалық әкелер форумы басталды. Іс-шара отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің рөлін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Форум «TANYM» көпфункционалды кешенінде өтіп жатыр. Іс-шараға 300-ге жуық адам қатысуда. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мүшелері, мектеп директорлары, психологтар және ата-аналар комитеттерінің белсенділері бар.

Форум отбасы қарым-қатынасының маңызы мен ұрпақтар сабақтастығына арналған тағылымды бейнероликпен ашылды.
Пленарлық отырыстың модераторы ретінде «Әкелердің республикалық одағының» елордалық филиалының жетекшісі Бекдайыр Күзембай сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында баланың тұлға болып қалыптасуындағы ер азаматтың маңызды рөліне тоқталды.
«Жауапты әке болу – отбасын тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету ғана емес. Бұл – бала өмірінің алғашқы күндерінен бастап оның өміріне шынайы араласып, уақыт бөліп, көңіл бөліп, қолдау көрсету деген сөз. Біз әрбір ер азаматқа әкенің жеке үлгісі баланың ішкі өзегін қалыптастырып, оның сенімді болашағының негізін қалайтынын еске салғымыз келеді. Саналы әке – дені сау әрі тұрақты қоғамның тірегі», – деді ол.

Сондай-ақ форумның ашылуында Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова құттықтау сөз сөйлеп, мектеп пен отбасы арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызын атап өтті.
Форум бағдарламасына жетекші сарапшылардың қатысуымен өтетін мазмұнды панельдік пікірталастар, TEDx форматындағы қысқа әрі әсерлі дәрістер, сондай-ақ тәжірибелі психологтар мен педагогтардың практикалық кеңестері енгізілген. Қатысушылар отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне және әкелерді білім беру үдерісіне тартудың заманауи тетіктеріне де ерекше назар аударады.