Астанада өртке қарсы рейд жүруде

Астанада өртке қарсы рейд жүруде
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада Нұра ауданы әкімінің аппараты аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы және Астана қаласының Тұрғын үй басқармасымен бірлесіп, қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты рейдтік іс-шара өткізді.

Рейд барысында кәсіпкерлер мен нысан қызметкерлеріне электр желілері мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, газ баллондарын қолдану талаптары, мангалдарды қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ нысандарда жарамды өрт сөндіру құралдарының болуы мен өрт дабылы жүйесінің жұмысқа қабілеттілігіне ерекше назар аударылды.

Нұра ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Абай Қабыкеновтің айтуынша, Астана қаласында жыл басынан бері 400-ге жуық өрт тіркелген. Оның ішінде 40-тан астамы Нұра ауданында болған. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда төмендегенімен, алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.

– Екі қабаттан жоғары тұрғын үй кешендерінде газ баллондарын пайдалануға жол берілмейді. Сондықтан қоғамдық тамақтану орындары асханаларында газ баллондарын қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Біз кәсіпкерлермен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өрттің алдын алу шараларын күшейтіп келеміз, – деді Абай Қабыкенов.