Бизнесті қолдау және кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу тек өтініштермен жұмыс істеумен шектелмейді. Бұл бағытта компаниялармен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселелерін өндіріс орындарының өзінде зерделеу маңызды. Осы мақсатта Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы елордадағы кәсіпорындарға тұрақты түрде барып, бизнестің қажеттіліктері мен туындаған мәселелерін зерделейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кезекті жұмыс сапары барысында Палата өкілдері Назарбаев Университетінің Технопаркі базасында жұмыс істейтін қазақстандық-испандық IHT Central Asia кәсіпорнына барды.
Компания испандық Iberhospitex S.A. технологияларын трансферттеу жобасын жүзеге асырып, Қазақстанда интервенциялық кардиологияға арналған жоғары технологиялық медициналық бұйымдар өндірісін жолға қойған. Өнімдер қатарында коронарлық стент-жүйелер мен баллонды катетерлер бар.
Бұл өндірістің медициналық сала үшін маңызы ерекше. Аталған бұйымдар жүрек-қан тамырлары ауруларын заманауи емдеу әдістерінде қолданылады. Ал өндірісті Қазақстанда жолға қою озық шетелдік технологияларды енгізуге ғана емес, медициналық бұйымдар өндірісі бағытында отандық құзыреттерді қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
IHT Central Asia компаниясының жұмысы білім мен тәжірибе алмасуға, заманауи технологиялар мен материалдарды қолдануға және инновациялық шешімдер әзірлеуге негізделген. Жоба аясында еуропалық технологиялар трансферті, шетелдік серіктестермен ғылыми-техникалық ынтымақтастық және өзіндік өндірістік база қалыптастыру бағыттары қатар дамып келеді.
Компания өнім өткізу нарығын кеңейтуді де жоспарлап отыр. Алдағы уақытта өнімдерді Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты Орталық Азия елдеріне, сондай-ақ Кавказ және басқа да өңірлер нарықтарына шығару көзделген.
Мұндай жобалар елордадағы медициналық өндірістің дамуына серпін беріп, халықаралық технологияларды жергілікті өндірісте қолдануға және қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер палатасының кәсіпорындарға шығуы осы жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Өндіріс орындарына бару барысында компаниялардың нақты қажеттіліктері мен проблемалық мәселелері анықталып, оларды шешу үшін қандай қолдау қажет екені айқындалады. Бұл ретте Палата бизнестің ағымдағы мәселелерімен қатар, өндірісті кеңейту және жаңа нарықтарға шығу жоспарларын іске асыруға да қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастырады.