Бүгін, 29 қарашада, Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) «Астанадағы Мәскеу күндері – 2026» аясында ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биылғы спорттық бағдарлама шахмат пен үстел теннисінен жолдастық жарыстар мен шеберлік сабақтарын қамтып, екі елорданың жас спортшылары мен жаттықтырушыларын бір алаңға тоғыстырды.
Салтанатты рәсім Астана мен Мәскеудің спорттық делегацияларының шеруінен басталды. Екі тараптың өкілдері бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, естелік сыйлықтармен алмасты.

Биыл Астана мен Мәскеу арасында бауырластық қарым-қатынастың орнағанына 26 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі елорда арасында түрлі бағытта нәтижелі әріптестік қалыптасып, достық байланыс нығая түсті. Бұл ынтымақтастықта дене шынықтыру және спорт саласының орны айрықша.

Іс-шараның ашылу рәсімінде Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Өткен жылы Астанадағы Мәскеу күндері аясында дзюдо мен көркем гимнастикадан бірлескен жарыстар мен шеберлік сабақтарын өткіздік. Биыл осы игі дәстүрді жалғастырып, екі елорданың шахмат пен үстел теннисінен спортшылары мен жаттықтырушыларын бір алаңға жинап отырмыз. Бұл – жас спортшылар үшін өз шеберлігін көрсетуге, жарыс тәжірибесін жинақтауға және жаңа достар табуға, ал жаттықтырушылар үшін кәсіби тәжірибе алмасып, спортшыларды даярлаудың тиімді әдістерімен бөлісуге берілген тамаша мүмкіндік. Спорт алдағы уақытта да елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік көпірі болып қала берсін», – деді Азамат Ағзамов.

Мәскеуден келген делегация құрамында 11 адам бар. Олардың қатарында сегіз спортшы, екі жаттықтырушы және Мәскеу қаласының Спорт департаментіне қарасты Спорттық іс-шаралар және халықаралық ынтымақтастық басқармасының консультанты Анжелика Марина бар.
Үстел теннисінен Мәскеу қаласының намысын жаттықтырушы-оқытушы Наталья Дроздованың жетекшілігімен Екатерина Дроздова, Дарья Хоченкова, Тимур Махмутов және Андрей Поливанов қорғайды.
Ал шахматтан жаттықтырушы-оқытушы Владимир Переверткиннің жетекшілігімен Виктория Кузьмина, Александр Курдагия, Арман Толенгит және Милана Захарова бақ сынайды.
Мәскеулік жаттықтырушылар елордадан алған әсерлерімен бөлісіп, спортшылардың жарысқа дайындығы туралы айтып берді.
«Бұл іс-шараға алғаш рет қатысып отырмыз. Қазақстанның астанасына келгенімізге өте қуаныштымыз. Бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Шахмат тақтасында тартысты әрі әділ бәсеке өрбиді деп сенеміз. Жақында ғана Мәскеу қаласының біріншілігі аяқталғандықтан, бұл жарысқа арнайы дайындық жүргізген жоқпыз. Командамыздағы спортшылардың басым бөлігі өз жас санаттары бойынша Мәскеу біріншілігінің жүлдегерлері», – деді Мәскеу қаласындағы «Восток» олимпиадалық резервінің кешенді спорт мектебінің шахматтан жаттықтырушысы Владимир Переверткин.
Өз кезегінде үстел теннисінен жаттықтырушы-оқытушы, Мәскеу қалалық дене шынықтыру және спорт бірлестігіне қарасты олимпиадалық резерв спорт мектебі директорының орынбасары Наталья Дроздова елорданың қонақжайлылығын ерекше атап өтті.
«Астанаға төрт спортшы және бір жаттықтырушы келдік. Қазақстан астанасына табан тірегенімізге өте қуаныштымыз. Бізді жылы қарсы алып, қолайлы жағдай жасады. Орналасқан қонақүйіміз де көңілімізден шықты. Спортшыларымыз алдағы жарыста жақсы ойын көрсетеді деп үміттенемін», – деді Наталья Дроздова.
Мәскеулік делегация құрамындағы спортшылардың бірі – үстел теннисінен спорт шеберлігіне кандидат, 15 жастағы Екатерина Дроздова. Жас спортшының жетістіктері қатарында Ресей чемпионатындағы, ТМД елдері ойындарындағы және үздік 24 спортшы қатысқан турнирдегі жеңістері, сондай-ақ Ресей біріншіліктерінің күміс және қола жүлделері бар.
«Астанаға алғаш рет келіп отырмын. Қала маған қатты ұнады. Бізді өте жылы қарсы алды. Үстел теннисімен үш жасымнан бастап айналысамын. Жарыстарға тұрақты түрде қатысып, аптасына алты күн, күніне екі мәрте жаттығамын», – деді Екатерина Дроздова.
Шахматпен сегіз жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан Мәскеу құрамасының спортшысы Милана Захарова да елордадан алған әсерімен бөлісті.
«Осындай іс-шараға қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келдім. Мұндағы жылы қарым-қатынас пен ерекше атмосфера маған қатты ұнады. Келесі жылы да осында келуге мүмкіндік болады деп үміттенемін. Бүгінгі жарыста жеңіске жетуді көздеймін», – деді жас шахматшы.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін спорттық бағдарлама шахмат пен үстел теннисінен жолдастық жарыстарға ұласты. Сондай-ақ бағдарлама аясында екі елорданың спортшылары мен жаттықтырушыларының қатысуымен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Бұл кездесулер жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға, ал жаттықтырушылардың кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Спорттық бағдарлама жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланады.
Бұдан бөлек, 30 қарашада мәскеулік делегация үшін арнайы мәдени-танымдық бағдарлама қарастырылған. Оның аясында қонақтар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, «Бәйтерек» монументіне барып, елорданың тарихи-мәдени және көрікті орындарымен танысады.
Бірлескен спорттық іс-шаралардың басты мақсаты – Астана мен Мәскеу арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі нығайту, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, жаттықтырушылардың кәсіби тәжірибе алмасуына жағдай жасау және халықаралық спорттық ынтымақтастықтың аясын кеңейту.
Айта кетейік, «Астанадағы Мәскеу күндері – 2026» аясындағы спорттық және мәдени-танымдық іс-шаралар 28–30 қараша аралығында өтеді.