Алдан СМАЙЫЛ: МӘСЛИХАТТАН ҮЛКЕН БІР СЕРПІЛІСТІ КҮТЕМ

Алдан СМАЙЫЛ: МӘСЛИХАТТАН ҮЛКЕН БІР СЕРПІЛІСТІ КҮТЕМ
фото: Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Елордадағы №302 сайлау учаскесінде көрнекті жазушы-публицист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл мәслихаттар сайлауында дауыс берді. 

"Кейінгі қабылданып жатқан реформалар, жаңадан қабылданған Конституция, осының барлығы депутаттардың, жалпы биліктегі азаматтардың да бірте-бірте жаңғыруы мен жаңаруын қалайды. Өйткені өмір ауыспай, өзгермей тұрмайды. Бүгінгі күннің талабы басқа, ертеңгі күннің де талабы өзге. Қазір заман өте шапшаң өзгеріп жатыр, бір жыл екінші жылға ұқсамайды. Соған барлық жағынан лайық болуымыз керек. Ол үшін өзгеріп түруымыз қажет.

Кейінгі толқынның өзінің мақсаты бар. Олар ұлтқа, мемлекетке, жалпы, саяси, рухани өмірге жаңа заманның көзімен қарайды. Мінекей, дәл осындай өзгерісті қалайтын және өздері алға қойған мақсатты жүзеге асыра алатын жастар бізге керек-ақ. Мен мына мәслихаттан осындай үлкен бір серпілісті күтем. Сондықтан бүгін сайлауға келіп, дауыс бердім" деді Алдан Смайыл.

Қаламгер сайлауға қатысып жатқан партиялар жайлы да пікірін жеткізді.

"Мәслихаттар сайлауына бірнеше партия қатысып жатыр. Бұл партиялардың біразы маған белгілі. Қайсысы қай салада қандай мақсатта жұмыс істеп жатқаны да анық. Кейінгі өзгерістерге қарасақ, қазір біздің саяси өмірімізге "Әділет партиясы келді. Алдындағы өткен сайлауда "Әділеттің" халықтың даусының көпшілігін алуы тегіннен-тегін емес. Бұл партияның бағдарламасымен мен таныспын, онда көптеген өзекті мәселелер қамтылған және оларды шешудің жолдары анықталған. Яғни, "Әділет" партиясы арқылы қазір халық билікке де, экономикаға да, рухани өмірге де бұрынғыдан да етене араласа бастады" деп түйіндеді сөзін Алдан Смайыл. 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ