Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалі басталды

Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалі басталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада кино, комикс, бейнеойын, аниме және косплей жанкүйерлерінің басын қосқан ең ірі гик-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2026 бастау алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Биыл фестиваль бірден екі алаңда өтіп жатыр. «Барыс Аренада» негізгі сахналық бағдарлама ұйымдастырылса, «Алау» мұз сарайында көрме аймағы орналасқан. Төрт күн бойы келушілерге арнап халықаралық хедлайнерлермен кездесулер, қолтаңба сессиялары, косплей байқауы, музыкалық және би қойылымдары, интерактивті алаңдар, тақырыптық стендтер мен фестиваль жәрмеңкесі өтеді.

Фестивальдің алғашқы күні келушілер Pop Asia сахнасындағы шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ әуесқой косплей байқауының ересектер мен балалар номинациялары, концерттік бағдарлама және арнайы қонақтармен кездесулер өтеді. Күннің басты оқиғаларының бірі – Comic Con Astana 2026 фестивалінің ресми ашылу рәсімі.



Comic Con Astana қазіргі поп-мәдениет жанкүйерлерін ғана емес, суретшілерді, дизайнерлерді, косплейерлерді, музыканттарды, би ұжымдарын және түрлі тақырыптағы жобалардың авторларын да біріктіреді.

Көптеген қатысушы үшін фестиваль өз жұмыстарын кең аудиторияға таныстырып, пікірлес жандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі – дәстүрлі түрде косплей байқауы. Қатысушылар өз қолдарымен жасаған фильмдер, сериалдар, бейнеойындар, комикстер мен аниме кейіпкерлерінің образдарын ұсынады.

Comic Con Astana 9 тамызға дейін жалғасады. Алдағы күндері қонақтарға арналған халықаралық жұлдыздармен кездесулер, қолтаңба сессиялары, байқау бағдарламалары, арнайы тақырыптағы алаңдар және қазіргі поп-мәдениет жанкүйерлеріне арналған басқа да іс-шаралар өтеді.