Астанада бизнес ашуға арналған қайтарымсыз грантты кімдер ала алады?

Астанада бизнес ашуға арналған қайтарымсыз грантты кімдер ала алады?
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астанада бизнес ашуға арналған қайтарымсыз грантты кімдер ала алатыны туралы Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттар бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Грант жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға арналған және көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өтеусіз қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. 2026 жылы бұл сома 1 730 000 теңгені құрайды.

Грант қаражаты қайтарымсыз негізде беріледі, шағын бизнесті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ете отырып, өз кәсібін бастағысы келетін кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.

Грант қаражатын қандай мақсаттарға жұмсауға болады?

Грант қаражаты нақты мақсаттарға ғана пайдаланылады. Қаражатты қолма-қол ақшасыз түрде кәсіп жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алуға, мал, тұқым мен көшет алуға, өндірістік үй-жайларды жалға алу және бизнес-жобаны жүзеге асыруға қажетті өзге де шығындарды өтеуге жұмсауға болады.

Бұл ретте заңанамада бірқатар шектеулер көзделген. Грант қаражатын жеке қажеттіліктерге, тұрғын үй сатып алуға, несие немесе басқа да қарыздарды өтеуге пайдалануға тыйым салынады.

Грантты кімдер ала алады?

Грантқа әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үміткер бола алады. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған азаматтар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар, мүгедектігі бар азаматтар, қоныс аударушылар және қандастар бар.

Бағдарламаға қатысу үшін өтінім беруші бірнеше міндетті талапқа сәйкес келуі тиіс. Өтінім тапсырған кезде азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі не бір жылдан аз уақыт бұрын ашылған жеке кәсіпкерлігі болуы қажет.

Сонымен қатар, соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағаны туралы сертификаты болуы міндетті шарт болып табылады. Сондай-ақ, өтінім беруші жоба сипаттамасы, қаржылық есептері мен болжанатын нәтижелерін қамтитын бизнес-жоспар дайындауы тиіс.

Қандай жағдайда өтінім автоматты түрде қабылданбайды?

Өтінім берушілерді тексеру мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Кейбір жағдайларда портал өтінімді комиссияның қарауынсыз автоматты түрде кері қайтарады.

Еңбек шарты бойынша ресми жұмысы бар азаматтар, несиелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалар, сондай-ақ бұрын жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары шеңберінде мемлекеттік грант немесе микрокредит алған азаматтарға грант беруден бас тартылады.

Сонымен қатар банкрот деп танылған азаматтар, зейнеткерлер, сондай-ақ өтінім бергенге дейін алты ай ішінде жеке кәсіпкерлігін жапқан тұлғалар да қатыса алмайды. Егер таңдалған бизнес түрі ресми лицензиялауды талап еткен жағдайларда лицензияңыз болмаса да бас таруға негіз болады.

2026 жылы грант алушылардың жаңа міндеттемелері

2026 жылдан бастап мемлекеттік грант алушылар үшін бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға бағытталған қосымша талаптар енгізілді. Негізгі жаңашылдықтың бірі – жобаларды мониторингілеу мерзімінің ұзаруы.

Бұрын бизнес идеяларды іске асыруды бақылау бір жыл бойы жүргізілсе, енді бұл мерзім 24 айды құрайды.

Грант алған кәсіпкер алғашқы 18 ай ішінде кемінде бір жаңа жұмыс орнын ашып, Мансап орталығы жіберген азаматты тұрақты жұмысқа қабылдауы тиіс.

Сондай-ақ грант алушылар жобаны іске асыру барысы туралы тұрақты түрде есеп беруге міндетті. Есепті екі жыл бойы әр үш ай сайын business.enbek.kz порталы арқылы беру қажет.

Тағы бір жаңашылдық – ақпараттың ашықтығын арттыру. Грант иегерлері, жүзеге асырылып жатқан жобалар және құрылған жұмыс орындары туралы мәліметтер жыл сайын 10 сәуірге дейін ашық түрде жарияланып отырады.

Конкурстық іріктеу қалай өтеді?

Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу рәсімі қабылданған шешімдердің ашықтығы пен объективтілігін қамтамасыз етуге негізделген.

Комиссия құрамы әр топ сайын толық жаңартылып отырады. Бұл шешім қабылдау процесіне бір адамдардың тұрақты қатысуына жол бермейді және конкурс нәтижелеріне деген сенімді арттырады.

Комиссия отырыстары ашық форматта өткізіліп, міндетті түрде аудио және бейнежазбаға түсіріледі. Сонымен қатар өтінімдерді қарау процесі тікелей эфирде өтеді.

Қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында комиссия жұмысына депутаттық корпус, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыса алады.